Аида Балаева Көші-қон саясаты тұжырымдамасын түсіндірді

  • 81
  • 08.01.2026, 18:39

Экономикалық қажеттілік, азаматтар мүддесі мен ұлттық қауіпсіздік. Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жуырда қабылданған 2030 жылға дейінгі көші-қон саясаты тұжырымдамасының негізгі ережелерін түсіндірді. Мәселен, көштің бағыт-бағдары өңірлер мен нақты жобалар сұранысына қарай айқындалады. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күші қажетіне қарай керек салаларға ғана тартылады. Мигранттар тарапынан заң бұзылса, жұмыс берушіге де жауапкершілік бар.

Шетел азаматтары, соның ішінде этникалық қазақтар тілден сынақ, цифрлық сауалнама мен уәкілетті органдардың тексеруі сияқты арнайы іріктеуден өтеді. Ал қандастар үшін көшу, баспана және жұмыспен қамту тұрғысынан мемлекеттік қолдау бағдарламасы жалғасады. Тек олар жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныстануға тиіс. Егер отбасы бес жыл өтпей басқа өңірге көшсе, мемлекеттік көмекті қайтаруға тиіс болады. Ал мемлекеттік қолдаусыз, жалпы тәртіппен келсе, қалаған өңірге қоныстана алады. Жаңа көші-қон саясаты Цифрлық бақылау, ішкі және сыртқы көші қон бағыттарын қамти отырып, біртіндеп енгізіледі. Жаңа тұжырымдаманы іске асыру үшін 73 іс-шара мен нысаналы көрсеткіштерден тұратын іс-қимыл жоспары қарастырылған.