Жолда қалғандар арасында 8 бала бар. Дауылды ескертуді елемеген тұрғындар алыс жолға шыққан, кейін көліктерді қар басып қалған. ТЖД-ның жол талғамайтын көліктері дер кезінде жетіп, тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялады. Қазір өңірде 182 уақытша эвакуациялау пункті мен 7 жылыту орталығы жұмыс істеп тұр. Бұған қоса, Шемонаиха ауданында мұз үстінде қалған үш балықшы құтқарылды. Олар да су айдынынан өз бетінше шыға алмай қалған. Адамдар аман. Құтқарушылар автожолдардың жабылуы туралы SMS-хабарламаларды және дауылды ескертулерге мән беруге шақырады.
Эльдар Шаймарданов, ШҚО ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:
- Эвакуациаланған адамдар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ. Облыс бойынша қар жауып, боран, қатты жел және көктайғаққа байланысты дауылды ескерту жарияланды. ТЖМ мұндай ауа райында азаматтарға алыс сапарларды жоспарламай, мүмкіндігінше олардан бас тартуды ұсынады. Егер жолға шығу қажет болса, алдын ала нақтылап алғандарыңыз жөн.