Қыста ашыққан жабайы жануарлардың ауылдарға кіріп кететін кездері болады. Бұл адамға да, аңға да қауіпті. Орманды қорғау қызметі биотехникалық жұмыс жүргізіп, азықтандыру орындарын дайындады.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Бұл республикалық маңызы бар тасжолдың бойында орналасқан орманшылық шаруашылығы. Мұндағы елік саны шамамен сексенге жуықтаған. Орманшылар күн сайын оларды бақылайды және де мына науаларды шөпке толтырып отырады.
Еліктер бұл жерге әбден үйренген. Әдетте ымырт түсе орманнан шығатын дала еркесі күндіз де топ-тобымен еркін жүреді. Себебі ерекше қорғалатын аумақта аң аулауға қатаң тыйым салынған.
Жанат Темірғалин, Павлодар орманшылығының басшысы:
- Біз Павлодар орманшылығының аумағында тұрмыз. Оның жалпы жер көлемі 10 мың гектар, соның 70 пайызы — жайылым жерлер, ал 30 пайызы — жазық дала. Жабайы аңдарға арналған азық қоры жаз мезгілінде алдын ала дайындалады. Әр орманшылық ағаш бұтақтары мен жем-шөпті жеткілікті деңгейде жинап алады.
Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеменің қарамағына алты орманшылық кіреді. Биотехникалық жұмыстарды 72 орманшы-инспектор атқарады.
Дана Мұқышева, Орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің маманы:
- Жазда орманшылар жем-шөп, сыпырғыш, тұздық жерлерді жаңартып, жасайды. Қыс мезгілінде оларды таратады. Бүгінгі таңда төрт мыңнан астам сыпырғыш, 4,5 тонна шөп және тұз 180 келіні құрайды.
Орманшылар өз аумағын күн сайын шолып шығады. Жануарларды тек браконьерлерден емес, табиғаттың тосын жағдайларынан да қорғайды. Қорек іздеген жануарлар адамға жақындай бастайды.
- Еліктердің адамға бауыр басқаны соншалық, тіпті жолдың жиегінде жүр. Бұл жерде ауқымды құрылыс жүріп жатыр. Қаптаған техника. Соның өзінде олар өзіне ешқандай қауіпті сезінбейтін сияқты.
Жүргізілген соңғы есептерге сәйкес, алты орманшылық аумағында елік саны мыңнан асқан. Биыл Тереңкөл және Железин аудандарына көршілес Ресей аумағынан Сібір еліктері ауып келді.Жабайы жануарларды қорғау шаралары жыл бойы жүргізіледі.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков