Елімізде туризмді дамыту аясында үш бірдей үлкен жағажай мен Бурабай, Кендірлі және тағы басқа өңірдегі демалыс орындарына қатысты жол картасы әзірленді. Ал шаңғы тебу, тау кластерін дамыту басты назарда болады. Президенттің «Түркістан» газетіне берген сұхбатында айтылған бұл мәселе басты міндеттер қатарында. Себебі тұмса табиғаты тұнып тұрған қазақ жерін тамашалауды құп көретін шетелдіктер қатары көп. Әлемдік туризм нарығына ұсынарымыз мол.
Туризм – экономикаға үлес қосып, елге пайда әкелетін саланың бірі. Мемлекет басшысы Қазақстанда бұл саланы дамыту үшін алда ұзақ та күрделі жол тұрғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл экономика, мәдениет, қауіпсіздік және бизнес – барлығы бір жерге тоғысатын күрделі сала. Мұнда өз жұмысына жан-тәнімен берілген кәсіби мамандар, ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтар жұмыс істеуі керек. Туризм саласында жалқаулық пен немқұрайлылыққа, ашкөздік пен дөрекілікке жол жоқ. Былтыр Қазақстанға миллиондаған шетел азаматы келді. Ішкі туризм қарқынды дами бастады. Мұның бәрі өте жақсы үрдіс.
Президент бұл саладағы бірқатар мәселені де атап өтті. Әсіресе елімізде көрікті жерлер көп болғанымен, экотуризмді дамыту жауапты тұлғалардың біліксіздігі мен немқұрайлығының кесіренен кенже қалып отырғанын жеткізді. Салдарынан тау шаңғысы туризміне қатысты да жағдай мүшкіл болған. Тіпті Алматыдағы танымал демалыс орнының тозып бара жатқанын айтты.
Ералы Тілеуов, туристік оператор өкілі:
- Біз осы жылы «Шымбұлақтың» толық реновациядан өтетінін күтеміз. Келесі қыс мезгіліне 2026-2027-ші сезондарға арналған туристерге дайын болады деп есептеймін. Одан бөлек, Алматы облысындағы экотуризмге арналған объектілеріміз өте көп.
Жалпы елде туризмді дамыту жұмыстарын Үкімет Мемлекет басшысының ескертуінен кейін жандандыра түсті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, былтырғы 9 айда Қазақстанға шетелден 12,1 млн турист келген. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 700 мыңға көп. Дәл осы кезеңде ел ішінде саяхаттаған туристер саны 6,7 млн адамды құрады. Алдыңғы жылы олардың саны жарты миллионға аз болатын. Ал ұлттық парктерге барғандардың саны үш миллионнан асқан.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Алайда бұл жерде бір орынды сұрақ туындайды. Бұл біздің туристерге қолайлы жағдай жасау, бұл сервистік жұмыстар, сонымен қатар – баға. Неліктен біз шетелдік курорттармен бәсекелес бола алмаймыз?! Бұл баға мәселесі, сервис мәселесі.
Қазір әр өңірдегі туристік орындардан өзге, тау кластерін дамытуға баса көңіл бөлініп жатыр. Бірер жылда тау кластері 5 миллион адамның таңдауы болуы мүмкін.
Нұрбол Байжанов, ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Каспий, Балқаш, Алакөл жағажайлары бар. Ақмола облысындағы Щучинск-Бурабай бар. Осының бәрін дамыту қолға алынып отыр. Осы курорттық аймақтар бойынша өткен жазда бірқатар инспекциялар жүргізіп, проблемалдарды өз көзімізбен көріп, жергілікті бизнес өкілдерімен тікелей байланыс жасап, бір жүйеге жол картасына біріктірдік. Енді алға қойып отырған мақсатымыз осы жол картасын егжей-тегжейлі орындап, 1-2 жылда жаппай туризмді дамытуды алға қойып отырмыз.
Биылдан бастап елге келуші меймандардың саны еселеп өседі деген болжам бар. Себебі әлемдік деңгейдегі ақпарат құралдары көпшілікке Қазақстанда демалуды ұсынып отыр.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбын Құсанбеков