Әскери борышын өтеуге шақырылған сарбаздардың жарақат алуы мен қаза болуы – өркениетті елге жат, теріс үрдіс. Бейбіт заманда мұндай келеңсіздікке жол берілмеуі керек. Президент бұл ұстанымын «Түркістан» газетіне берген сұхбатында айтты. Қорғаныс министрлігі қазір әскерде тәулік бойы мониторинг жүргізуді қолға алған. Сондай-ақ психолог мамандар тартылып, цифрлық қызмет көрсету, ата-аналармен тікелей байланыс орнату тетіктері енгізілуде.
Әскери қызметін өтеуші азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қорғаныс министрлігі бұл бағытта жыл сайын жаңа шараларды қолға алуда. Әрбір қайғылы оқиғаны тәуелсіз орган тексереді. Мамандар: «Сарбаздармен жұмыс алғашқы күннен басталады», - дейді. Тәлімгерлер бекітіліп, жаңа құраммен жеке әңгімелесу жүргізіледі. Ал былтыр «Жауынгерлік дос» жүйесі мен психологиялық бағалау қолға алыныпты.
Арман Қалышев, ҚР ҚМ басқарма бастығы:
- 2025 жылы жаңа психологиялық әдіс енгізілді. Соның арқасында 800-ден астам мерзімді әскери қызметші әскери қызметтен шеттетіліп, әрі қарай бағалау үшін психиатриялық мекемелерге жіберілді. Біз жалпы әскердегі ахуалды оңалту бағытындағы жұмысты жалғастырамыз. Қазір тәртіп бұзушылық төмендеп, қоғамның сенімі артып келеді.
Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, жершілдікке орын жоқ. Оны тәжірибеде жүзеге асыру үшін казармаларға бейнебақылау орнатылуда. Оларға қызмет көрсету үшін арнайы операторлар тағайындалыпты. Сондай-ақ әскерлер арасында анонимді сауалнамалар жүргізіліп, дене жарақатының бар-жоқтығы тексеріледі. Сондай-ақ сарбаздардың туыстарымен телефон және бейнебайланыс арқылы сөйлесуіне мүмкіндік беріледі. Басқа да цифрлық шешімдер енгізілуде.
Серғали Әлімқұлов, ҚР ҚМ басқарма бастығы:
- ARMIA.KZ ең оңтайлы жобалардың бірі деп айтсақ болады. Ата-аналардың қандай да бір проблемалық сұрақтары болса, тікелей министрлікке түседі. Әскери бөлімдердің әрқайсысының өзінің QR-коды бар. Егер қандай да бір қысым болып жатса, ол да тікелей Қорғаныс министрлігіне түседі.
3 мыңға жуық білім гранты беріледі
Кешенді шаралар қатарында «SARBAZ+» жобасы да бар. Жастар әскерде жүріп жаңа саланы меңгере алады. Мәселен, Алматы маңындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімінде радиобайланыс, желілік технологиялар және ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару тетіктерін үйрететін жоба басталды. Әзірше оған жүзге жуық жас іріктеп алыныпты. Ал 2023 жылдан бері әскери борышын өтегендерге сынақ тапсырмай-ақ жоғарғы оқу орындарына түсеуге рұқсат етілді. Тәртібі түзу, міндетін мінсіз орындағандарға мемлекеттік білім гранты да беріледі. Мәселен, 2025 жылы 2700 әскер сондай сертификат алған.
Ердәулет Ыбырайұлы