2026 жылы дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлерінің жалақысы өседі

  • 91
  • 08.01.2026, 18:35

Медицина саласы үшін 2025 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен іске асырылған өзгерістер жылы болды. Атап айтсақ, МӘМС-ті жетілдіру бойынша заңға қол қойылды. Нәтижесінде биылдан бастап әлеуметтік осал топтар мен жұмыссыз жандар үшін жарнаны жергілікті атқарушы органдар төлейді. Сондай-ақ ақ халаттылардың құқықтық қорғауын күшейту туралы заң бүгінде Парламентпен мақұлданды. Енді медицина қызметкерлеріне зорлық-зомбылық көрсеткендер үшін жаза қатаңдай түспек. Денсаулық сақтау саласындағы бетбұрыстар бүгінде оң нәтижесін беріп отыр.

Мәселен, орташа өмір сүру ұзақтығы 75,8 жасқа ұлғайса, жалпы өлім-жітім 2,6, ал қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 6,3 пайызға төмендеген. Ана мен бала денсаулығына ерекше назар аударылуының арқасында сәбилер өлімі 18,7 пайызға төмендеп, тарихи ең төмен көрсеткішке жетіп отыр.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Ана мен бала денсаулығын сақтау жүйесі айтарлықтай күшейтілді. Жыл қорытындысы бойынша 4 миллионнан астам бала профилактикалық тексеруден өтті. 2 миллионнан астам бала аудиологиялық, психофизикалық даму скринингтерімен қамтылды. 300 мыңнан астам бала неоноталды, 13  000 бала офтольмологиялық скринингтермен қамтылды. Бұл біздің қазақстандықтарға қолжетімді медицинаның тікелей дәлелі.

Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру соңғы жылдары үш есеге өсіп, 2025 жылы 3 трлн теңгеге жеткен. Бұл медициналық көмектің көлемін кеңейтіп, инфрақұрылымды ауқымды түрде жаңғыртуға мүмкіндік берді. Мәселен, көрер көзге керім жобалардың бірі Ұлттық онкология орталығы мен Астанадағы шұғыл медицина орталығы, сондай-ақ Алматыдағы Ұлттық жұқпалы аурулар орталығы пайдалануға берілді. Сонымен қатар дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі іске қосылды. Әлеуметтік қолдау шараларының арқасында дәрігерлердің тапшылығы 19, ауылдық жерлерде 16 пайыз төмендеген.

Тимур Сұлтанғазие, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

- 2026 жылдан бастап инфекциялық қызметтер мен жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің жалақысы өседі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту жөніндегі ауқымды жоба аяқталуда. Қазірдің өзінде ауылдық жерлерде 650-ден астам медициналық нысан пайдалануға берілді.