Енді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады. Жаңа Салық кодексі 1-қаңтарда күшіне енді. Осылайша қазақстандықтар зейнетақы төлемдерінің барлық түрлері, сонымен қатар тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері үшін жеке табыс салығын төлемейді. Ал кейінге қалдырылған салық міндеттемелері толығымен жойылады.
Ескеретін жайт, әлеуметтік осал топтарға жататын тұлғалар салықтық шегерім қолдану құқығына ие. Олар біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану кезінде жеке табыс салығын бірден төлеген болса, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өтінішпен жүгіне алады. Алайда бұл норманың Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын тұлғаларға қатысы жоқ. Оларға төленетін зейнетақы төлемдерінен жеке табыс салығы ұсталады.
Гүлнұр Ағайдарова, «БЖЗҚ» АҚ Төлемдер әдістемесі басқармасының басшысы:
- 2026 жылдың бірінші қаңтарынан бастап зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу мақсатында пайдалану кезінде кейінге қалдырылған салық міндеттемелері толығымен жойылады. Айта кететін жайт, жаңа Салық кодексінде бұрын ұсталған және төленіп қойылған жеке табыс салығын кері қайтару көзделмеген.