Елде тозығы жеткен желілерді жаңарту қарқын алды

  • 50
  • 09.01.2026, 18:59

Елімізде энергетикалық және коммуналдық желілерді жаппай жаңарту міндеті қойылды. Себебі басым бөлігі тозып тұр. Биыл тозу деңгейі жоғары деген электр жылу орталықтарында жаңғырту жұмыстары жалғасады. Электр желілерінің де 70 пайызға жуығы ескірген. Бұл мәселені шешу үшін қомақты қаржы тарту көзделіп отыр. 

Елде энергетикалық және коммуналдық нысандарын жаппай жаңғырту міндеті тұр. Ұзындығы жүздеген шақырым болатын желілер салынуы керек. Қазір осы ауқымды іске қатысты тиісті шара қолға алынған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазірдің өзінде қауіпті «қызыл» аймақта тұрған жылу электр станцияларының саны 19-дан 10-ға дейін азайды. Қабылданған шаралардың нәтижесі көріне бастады. Нысандардың апаттық жағдайға тап болу қаупі сейіліп келеді. Дегенмен әбден тозып, әупіріммен әрең тұрған инфрақұрылымды қалпына келтіру жеткіліксіз, жұмыс тәсілін өзгерту керек. Сондықтан жаңғырту шаралары ең басты міндетті шешуге тиіс, яғни салаға инвестиция салу үшін қолайлы жағдай жасап, нағыз нарықтық тетіктер қалыптастыруы қажет. 

Бұл саладағы мәселе жылдар бойы өзекті күйінде қордаланып келді. Мәселен, Қызылорда облысында жылу құбырының 42, электр желісінің 60 пайыздан астамы тозып тұр. Сондықтан өңір орталығында жылу электр орталығы жаңадан салынды. Қазір стратегиялық маңызды нысан сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Енді төрт жылда желілердің тозу көрсеткішін біршама азайту жоспарда. 

Тахир Нәдірбек, Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл ұлттық жоба бойынша өңірімізде 24 млрд теңгеге 566 шақырым электр желілері мен 83 дана қосалқы станса жаңғыртылатын болады. Бұл нәтиже бізде 60 пайыздан 45 пайызға дейін электр желілерінің тозуын төментедуге мүмкіндік береді.

Электр желілерін жаңғырту жұмыстары Маңғыстау облысында да қарқын алған. Қазірдің өзінде  68 қосалқы станцияның 40-тан астамы жаңартылыпты.

Марат Иманов, «Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының даму және қамтамасыз ету бойынша орынбасары:

- Биыл бізде 7 млрд-тай қаражат жоспарланып отыр. Оның ішінде Басқұдық деген елді мекен бар, сол жерде жаңа қосалқы станция салу қарастырылған. Сондай-ақ жаңартудан өтіп жатқан подстанциялар бар. Мысалы, бізде 110–10 киловольттық қосалқы станция бар, ол жерде ашық тарату құрылғысының электр жабдықтарын жаңартып жатырмыз.

Энергетика саласында тозығы жеткен желілерді жаңарту күн тәртібінен түспек емес. 

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- 1600 шақырым жылу желілеріне дейін жөндеу, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Электр желілеріне келсек, онда тозуы біраз көбірек. 70 пайызға жетіп қалады. Ол жерде жоспар 2,5 триллионнан астам қаражат тартып, 77 мың шақырым электр желілері мен тиісті қосалқы станцияларды күрделі жөндеуден, жаңғырту, айырбастау мәселесі бар. Онымен айналысып жатырмыз.

Елде ондаған жылу электр орталығы мен станциялар бар. Олардың тозу көрсеткішін төмендету және осы салада апаттық жағдайды болдырмау – басты міндет. Жүйенің тұтынушылар үшін қызметақысы да алдағы уақытта өзгеруі мүмкін. Себебі жаңғырту, жаңа технология, жасанды интеллект енгізу қажеттігі де бар.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Аян Сәрсенбаев