Көші-қон саясатында тың өзгерістер болмақ. Атап айқанда, енді Үкімет айқындаған өңірлерге көшіп келген этникалық қандастар 5 жылға әлеуметтік келісімшарт жасатып, бірақ оны орындамайтын болса, мемлекет тарапынан алған көмекті қайтарулары тиіс. Сондай-ақ заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін бұл сала барынша цифрландырылмақ.
Тәуелсіздік жылдарынан бері 1 млн 163 мыңнан астам этникалық қазақ Қазақстан азаматтығын алған. Өткен жылы 16 мың 805 қандасқа төлқұжат берілген. Соның 3 мыңнан астамы қандас квотасымен солтүстік өңірлерге қоныстанған.
Нұрбол Байсынов, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің басқарма басшысы:
- Бірінші ол көшуге субсидия алады. Ол әрбір отбасы мүшесіне 70 АЕК бойынша бір жолғы төлем төленеді. Сондай-ақ тұрғын үйді жалдауға немесе коммуналдық төлемдерді төлеуге байланысты 15 АЕК - 30 АЕК төленеді. Сондай-ақ ол тұрғын үйді сатып алу экономикалық-мобильдік сертификат төленеді. Қазіргі таңда осы 1-қаңтардан бастап бұл шамасы 1625 АЕК шамасында немесе теңгемен алғанда 6,5 млн теңге шамасында болады.
Көші-қон саясатында жаңа тәртіп енгізілді. Енді қазақ топырағына қоныс аударамын деген шетел азаматтары, соның ішінде этникалық қазақтар, алдын ала іріктеуден өтеді. Оған мемлекеттік тілді білу тесті, цифрлық сауалнама, уәкілетті органдардың тексерулері және әңгімелесу кіреді. Ал мемлекеттік қолдауға ие болып, жеңілдікті пайдалану үшін еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануы керек. «Оның өз шарты бар», - деді Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі:
- Біз отандастарымызды мемлекеттік стратегияны ұстануға шақырамыз. Өңірлік квотаға кірген қандастар көшіп келген кезде 5 жылға әлеуметтік келісімшарт жасайды. Мемлекет оларға көшуге, баспанаға және жұмысқа орналасуға көмектеседі. Ал егер отбасы бес жыл өтпей, басқа өңірге көшсе, алған көмекті қайтаруға тиіс болады.
Бұл ереже тек мемлекеттік қолдауға ие болғандарға қатысты. Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында қандастарды қолдау мәселесіне тоқталған еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әрине, мен сырттағы ағайынның тарихи Отанына оралғанын құптаймын. Бірақ олардың қоғамымызға дұрыс кірігуіне қатысты мәселелерді шешу қажет. Былтыр Қазақстанға 16 мыңнан астам қандас көшіп келген. Соның ішінде еңбекке жарамды азаматтардың 15 пайызының ғана жоғары білімі бар. Сол себепті көбі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделу барысында қиындықтарға тап болады.
Президент бұл жағдайға билік пен құқық қорғау органдары назар аударуы керектігін айтты. «Ал атажұртқа оралғандар, әсіресе жастар жағы елдің дамуына барынша үлес қосу керек», - дейді сарапшылар.
Жасай Зекейұлы, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
- Үкімет жағдай жасағаннан кейін әрі қарай алып кету керек. Яғни өздері тәуелсіздікке қосқан үлесі ретінде шағын кәсіптерін ашу керек. Өздерінің жаңағы бірлестік бойынша шаруашылықтарын ашу керек. Әр адам өзін патриот санау керек. Егер Отаным, жеріме үлес қосамын деген жастар болса, қандай қиыншылық болса да шыдайды деп ойлаймын.
Қазақстанда барлық азаматтың құқығы бірдей. Ешкімге ешқандай артықшылық немесе басымдық берілмейтінін Президент бірнеше рет айтты.
Алуа Маханбет, Таир Мерекенов