Ерекше қорғалатын аумақ қызметкерлеріне жол талғамайтын шағын өрт сөндіру кешендері мен жер жыртатын тракторлар берілді. Бұл көліктер инспекторлардың күнделікті жұмысын жеңілдетіп, шалғай аумақтарда табиғатты қорғау шараларын дер кезінде жүргізуге мүмкіндік береді.
«Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2021 жыл құрылған. Аумағы 59 мың гектар. Оның 15 пайызға жуығы орманмен көмкерілген. «Таулы аймақтарда шоқ-шоқ болып шашырай орналасқан жасыл желекті қорғауға бұл техникалар таптырмас құрал», - дейді орманшылар. Жалпы мекеме құрылғаннан бері республика бюджеті есебінен 386 млн теңгеге 20-ға жуық техника сатып алынды. Ал бұл жолғы көліктерді ұжым өздері лизингтік бағдарламамен алып отыр.
Зейнолла Мамыров, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі:
- Бұрыңғы ескі техникалар болса, олардың біраз ремонты бар, анасы бар, мынасы бар. Мынау енді жаңаның аты жаңа. «Горючиге» де үнем болады және бөлшектері де, саймандары жоқ дегенде 5 жылға дейін жүріс береді ғой, жұмыс істейді.
Ғалым Қойшыбаев, «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі РММ директоры:
- Бұл лизинг Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап барлық мекемелерде енгізіліп жатыр. Сонымен қатар басқа да ұлттық парктерге өрт сөндіру техникасы мен орманды қорғауға арналған техникалар алынып жатыр. Осылайша, бұл жұмыстар жылдан жылға көбейе береді.