Астанада сарышұнақ аяз басталды

  • 13
  • 12.01.2026, 21:42

Ауа райы күрт өзгеріп, елордада таңертеңнен бері 60-тан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бірқатар әуе рейсі кешікті. Қазгидромет мамандары алдағы күндері еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде сарышұнақ аяз күшейіп, ауа температурасы  -30-дан -38 градусқа дейін төмендейтінін хабарлады. Суық антициклон әсерінен желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін. Осыған байланысты Астанада дауылды ескерту жарияланып, екінші ауысымда оқитын 1-4 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Полиция департаменті көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерді сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.  

Нұрлан Қапаров, Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары: 

-Қар жауып, ауа райы күрт нашарлады.
Осыған байланысты жүргізушілерге жылдамдықты асырмай, арақашықтықты сақтауға кеңес береміз. Көлік жүргізу кезінде барынша мұқият болу қажет. Сондай-ақ жол тазалап жүрген коммуналдық және жедел қызметтердің жұмысына кедергі келтірмеген жөн. Жаяу жүргіншілерге жолды тек белгіленген жерлерден өтіп, сақтық шараларын ұстану ескертіледі.

Айта кетейік, елордада қар тазалау жұмыстарына 3 мыңнан астам маман мен 2 мың бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Қала тұрғындарының қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында негізгі жолдар, тротуарлар мен ішкі көшелерге техникалық тұз себілуде. Мамандардың айтуынша, қар тазалау және көктайғақтың алдын алу жұмыстары тәулік бойы, күшейтілген режимде жүргізіледі.

Зият Көшпесов, «Астана Тазалық» ЖШС бригада жетекшісі:

-Қардың көбіне байланысты көшеде транспорт та көбейіп жатыр. Орталық көшелерде жүргеннен кейін, қар алу техникаларына, «КамАЗ»-дарға бұрылуына байланысты қиындықтар туындайды. Бірақ үлгеріп жатырмыз, барлығын алып жатырмыз. Қазірдің өзінде 600-дей текше метр қар полигонға шығарылып жатыр.