Үш күнде 3 мың көлік жүргізушісі заңды бұзып, 900-ге жуық көлік тізгіндеуші жалған нөмірмен ұсталды. Олар мемлекеттік нөмірді жасырып, кейбірі тіпті алып тастап жолға шыққан. Бұл фактілер республикалық маңызы бар жолдарда болған жедел-профилактикалық шаралардың нәтижесінде анықталды. Жалған нөмір тағып, жылдамдықты асырып, айыппұлдан жалтарғысы келген жүргізушілер енді 3 миллион теңгеден астам айыппұл төлейтін болды. Кейбірі қамауға алынып, жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін. «Ал жолдағы заңбұзушылықты жылдам анықтауға бірнеше сала жұмысын интеграциялап, цифрландыру мүмкіндік беріп отыр», – дейді мамандар.
Нұрсұлтан Райымбаев, ҚР Бас көлік прокурорының аға көмекшісі:-Цифрлық шешімге қол жеткіздік. Автокөліктің барлық мәліметтері «Қазавтожол» жүйесіне енгізілген. Егер де «Қазавтожолдың» бейнекамералары осы жалған нөмір фактісін анықтаса, бұл автоматты түрде жедел полиция қызметкерлеріне жолданатын болады. Және жақын орналасқан экипаж, полиция қызметкерлері сол автокөлікті тоқтатып, тиісті заңда көзделген шараларды қабылдайтын болады.