Өткен демалыс күндері Жерге күшті магниттік дауыл әсер етті. Бұл күннің жарқылынан шыққан ыстық плазманың Жерге жақындауынан болды. Салдарынан әдетте тек солтүстікте көрінетін полярлық шұғыла Ресейдің оңтүстігі мен Қазақстанның солтүстігінде де байқалды. Ғалымдардың айтуына қарағанда, Жер қазір де Күннен келген плазма ағынының ішінде тұр. Сондықтан алдағы күндері магниттік дауыл қайталануы мүмкін. Мұндай дауылдар спутниктер мен байланыс жүйелерінің жұмысына кедергі келтіреді. Сондай-ақ күн райына сезімтал адамдардың, әсіресе жүрек-қан тамырлары ауруы бар жандардың жағдайы нашарлауы ықтимал. Дегенмен мамандардың болжамынша, күннің белсенділігі біртіндеп азая бастайды. Себебі ол өзінің ең жоғары белсенді кезеңінен өтіп, қазір бәсеңдеу сатысына көшкен.
Ботакөз Сейфуллина, ҚР Ионосфера институтының бас ғылыми қызметкері:
- Магниттік дауылдардың саны азаюы мүмкін. Алайда магниттік дауылдар тек Күндегі жарқылдардан ғана пайда болмайды. Оларды короналық тесіктер де тудыруы мүмкін. Ал короналық тесіктер Күннің бетінде белсенділіктің бәсеңдеу және күшею кезеңдерінде өте жиі пайда болады. Яғни магниттік дауылдардың көзі өзгереді, бірақ олардың саны көп бола ма, әлде аз бола ма – бұл туралы ретроспективті талдау жасап, толық көрініс бергеннен кейін ғана нақты айтуға болады.