Шымкентте өндірілетін шұлықтарға шетелден сұраныс артып келеді

  • 11
  • 13.01.2026, 21:42

Арнайы экономикалық аймақта орналасқан заманауи тоқыма фабрикасы жылына 50 миллион жұп өнім шығаруға қауқарлы. Қазіргі таңда өндіріс көлемінің 90% Ресей мен Беларуске экспортталады. Алдағы уақытта Италиямен де келісімшарт жасау жоспарланған. Алайда ел ішіндегі еркін сауда айналымына контрабандалық тауарлар кедергі. Бәсекеге қабілеттілікті арзан әрі сапасыз өнімдер төмендетіп отыр.

Бұл туралы Мәжіліс депутаттары Данабек Исабек пен Нұрсұлтан Байтілесовтің қатысуымен өткен кездесуде айтылды. Кәсіпкерлер көлеңкелі экономикамен күресті күшейту, кедендік бақылау жүйесін жетілдіруді сұрады. Ал халық қалаулылары осы орайда жан-жақты зертттеу жүргізіп, салалық министрліктерге депутаттық сауал жолдайтынын жеткізді. 

Данабек Исабек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

- Экспортерларға сақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Біз де солай жасай аламыз», - деп жатыр бұл кісілер. Ертең барғаннан кейін осы мәселені көтеретін боламыз. Қара нарықтан қалай кіріп жатыр?! «Бұның маркировкасын тексеру керек», - дейді. Тиісті органдарға біз сауал жасаймыз. Тексеріп жатыр ма дегендей.