Елімізде енді суды көп қажет ететін дақылдар алқабы қысқартылуы мүмкін. Себебі тіршілік нәрінің қоры жылдан жылға азайып барады. Мәселен, биыл вегетациялық кезеңде су тапшылығы 1 млрд текше метрге дейін жетеді деген қауіп бар. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Жиында ауызсумен қамту көрсеткіштері де баяндалды. Жоспар толық орындалыпты. Дегенмен су сапасына қатысты арыз-шағымдар да бар.
Халықты таза ауызсумен қамту. Әр жылдары ол түрлі деңгейде орындалды. Дәл қазір еліміздегі барлық 90 қала және 7,5 млн тұрғыны бар 6087 ауыл орталықтандырылған жүйеге қосылыпты. Ал Биыл Қазақстанда 2800 шақырым су бұру жүйесі жаңғыртылады. Сондай-ақ 45 қалада кәріз-тазарту құрылыстарын жаңарту жоспарлануда.
Қуандық Қажкенов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
- Олардың басым бөлігі 50 жылдан астам уақыт бұрын салынған және елді мекендердің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына тікелей әсер етеді. Биыл Атырау, Қызылорда, Қарқаралы және Қаражал қалаларында жаңа нысандар іске қосылады.
Халық санының және жалпы экономиканың өсуімен суға деген сұраныс артуда. «Сондықтан су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға жүйелі түрде қарау маңызды», - дейді Премьер-министр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Ауызсумен қамтамасыз ету – үздіксіз жүретін процесс. Сол себепті барлық жауапты мемлекеттік органдар бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауы қажет. Өткен жылы азаматтардан сумен жабдықтау мәселелері бойынша мемлекеттік органдарға 70 мыңға жуық арыз-шағым түскен. Осыған байланысты әкімдіктерге әрбір шағым бойынша тексеру жүргізіп, міндетін адал атқармаған ұйымдарға қатаң шара қолдану тапсырылды.
Шағымдарды екі топқа бөлуге болады. Су желілері тартылса да жекелеген ауыл немесе көше тұрғындары кейде судан тапшылық көреді. Ал енді бірі тіршілік нәрінің сапасыздығына налиды.
Су тапшылығы 1 млрд текше метрге жетуі мүмкін
Келесі сұрақ – ауыл шаруашылығын сумен қамту. Биылғы вегетациялық кезеңде су тапшылығы 1 млрд текше метрге дейін жетуі мүмкін деген болжам жасалуда. Демек су үнемдеу технологияларын енгізуді жалғастыру және жандандыру қажет. Сонымен қатар су саласын толық цифрландыру көзделуде. Осы жылдың соңына дейін жерүсті және жерасты су көздері туралы деректерді біріктіретін платформа құрылады. Сонда су қорымызды көріп, оны қолдануға мониторинг жүргізе аламыз.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Сонымен қатар су ресурстарын заңсыз пайдалануға қарсы күрес маңызды бағыт болып қала береді. Бас прокуратурамен бірлесіп іс-шаралар жоспары әзірленді. Бұл құжат су ұрлығы мен заңсыз су пайдалануға тиімді қарсы күрес үшін құқық қорғау және басқа мемлекеттік органдардың қатысуымен республикалық ведомствоаралық жұмыс тобын құруды көздейді.
Ал кәсіпорындар кезең-кезеңмен суды қайталама және айналымды пайдалану тәсіліне көшеді. Қазір ол 13% екен. Мақсат – 28%-ға дейін жеткізу. Мамандардың есебінше, осы арқылы шамамен 1,5 млрд текше метр су үнемделеді.
Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков