Қазақстан әлемдегі ең үздік 14 туристік бағыттың тізіміне енді

  • 7
  • 14.01.2026, 21:56

Халықаралық Vogue журналы 2025 жылғы туристік елдер мен қалалардың тізімін жасаған. Онда әлемге танымал Лондон, Барселона және Палм-Спрингс сынды қалалармен қатар Алматы бар. Мың бояулы қаланың туризм саласындағы мүмкіндігін жоғары бағалаған. Әсіресе Алатаудың табиғаты келушілерді баурап тұрады. Статистика бойынша соңғы 6 жылда «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне келушілер 4,5 есе, ал «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортында демалушылар 2,5 есе артқан.

Алматы қаласына 2022 жылы 1,8 млн, 2023 жылы 2 миллион турист саяхаттап барған. Соңғы екі жылдағы көрсеткіш те жаман емес. Туристерге қауіпсіз инфрақұрылым құру үшін «Алматы тау кластері» жобасы қолға алынды. Бірінші кезекте «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты жаңартылады.

Ақмарал Ещанова, қалалық туризм басқармасы басшысының орынбасары:
- Тау-шаңғы аймағын кеңейту және жаңғырту, қолданыстағы аспалы жолдарды модернизациялау, сондай-ақ Бұтақты шатқалында жаңа бағыттарды салу көзделген. Жобаның негізгі мақсаты – тау-шаңғы курортына келушілердің қатарын артырып, қауіпсіздік деңгейін күшейту және жаңадан бастаушылардан бастап, кәсіби шаңғышыларға дейінгі барлық санаттағы қонақтар үшін қолайлы әрі заманауи инфрақұрылым қалыптастыру.