Медицина қызметкерлерінің құқығы қорғалады

  • 8
  • 14.01.2026, 21:54

Соңғы бес жылда елімізде 300-ге жуық науқас дәрігерге күш көрсеткен. Бұл жағдай ақ халаттылар құқығын қорғайтын заңның қабылдануына сеп болды. Жаңа құжат медицина қызметкерлеріне жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алмақ. 

Саятхан Машуров 10 жылдан аса тәжірибесі бар білікті маман. Ол осы уақыт аралығында дәрігерді әбігерге салған талай жағдайға куә болғанын айтады.

Саятхан Машуров, травматолог:

- Науқас келеді, ішіп алған. Ол ішіп алған науқас менімен дөрекі сөйлеп, шабуыл жасап, агрессиясын көрсетті. Сосын шыдамым жетпей 102-ге хабарластым. Полиция қызметкерлері келіп, профилактикалық жұмысын жүргізіп түсіндіріп берді. Ол барлығын түсінгеннен кейін келіп кешірім сұрады. Сосын кешірдік енді бұл науқасты.

Бағлан Тұрғанбек, тілші:

- Енді ақ халаттыларға жұдырық ала жүгіргендер жазадан оңай құтылмайды. Бұдан былай дәрігерге күш көрсеткен азаматтардың ісі Қылмыстық кодекспен қаралмақ. Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау туралы заңға Мемлекет басшысы қол қойды. Енді Президенттің пәрмені дәрігердің дәрменін қуаттай түспек.    

Күшейтілген заңға сәйкес, ақ халаттыларға ауыр зақым келтіргендер 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал балағат сөз айтып, қорқытып, күш қолдануға оқталса, 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.

Бағжан Маратқызы, ҚР ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары:

- Медицина маманына жүргізілген күш көрсету бұл бір ғана маманға емес, бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне жасалған күш көрсету ретінде қарастырылады. Осы заң қабылданғаннан кейін пациенттің және оның туыстары тарапынан медицина қызметкеріне күш көрсету азаяды деп ойлаймыз және денсаулық сақтау жүйесіндегі тұрақтылықты қамтамасыз етеді деп ойлаймыз.  

Заңгер Бауыржан Айымбетовтың айтуынша, мақсат  – ашулы науқастың бәрін бірдей темір торға тоғыту емес, кез келген қылмыстың жазасыз қалмайтынын, дәрігер құқының қорғалатынын халыққа жеткізу.

Бауыржан Айымбетов, заңгер:

- «Эмоциямен, ашумен ұрып жібердім», «жасағанда эмоцияда тұрдым» деген себептер жауапкершіліктен құтқармайды. Барлығына бірдей қатаң жаза қабылданады деген сөз емес. Барлық дәлелдеме жиналады. Бейнекамера жазбалары, куәгерлердің түсініктемелері, сот сараптама тағайындап, жаза сотпен белгіленеді.

Дәл қазір 152 стационарда полиция бекеті ашылған. Өткен жылы жедел жәрдем қызметкерлеріне жетон орнатылып, қызмет барысы бақылауға алынды. Сондай-ақ биылдан бастап 636 стационарлардың қабылдау бөліміне дабыл батырмалары орнатыла бастайды.

Бағлан Тұрғанбек, Дархан Күнтуов, Бауыржан Ебелеков