Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайда жолаушылар екі күннен бері сабылып жүр. Әуе компаниялары: «Бұған ауа райының қолайсыздығы себеп болды», - дейді. Әуежай қызметкерлері 14 қаңтар күні кештен бері тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Жолаушылар билеттерінің күйіп кетіп, шығынға батқанын айтып шағымданды.
Әуежайда кешеден бері сабылыс. Ұшақтар кестеден кешігіп, жолаушылар діттеген жеріне жете алмай отыр. Атыраулық Жанар Шалқарова кеше Алматыға барып, әрі қарай Пекинге аттануы керек еді. Енді қыруар қаржы жұмсап алған билеті жарамсыз боп қалды.
Жанар Шалқарова, жолаушы:
- Мен кеше Пекинге түнгі сағат 23:15-те ұшуым керек еді. Ол билетім күйіп кетті. «Ол билеттің ақшасын маған төлемеймін», - дейді. 320 мыңға жаңа билет сатып алдым. Сонда сатып ала береміз бе билетті? Бізге беріп жатқан тамақтары мардымсыз. Өзіміз тоңып отырғанда сап-салқын су бере береді. Қанша бала ауырып жатыр ана жерде?
Жұлдыз Қатарова да отбасымен демалысқа кетіп бара жатқан жолаушының бірі.Уақытынан кешігіп, оның да билеті күйді. Ал әуе компаниясы кеткен шығынды өтей ме, өтемей ме, әзірге белгісіз.
Жұлдыз Қатарова, жолаушы:
- Менің бүкіл билеттерім күйіп кетті. Енді ауыстырып берулеріңізді сұрап отырмын. Арғы жақтағы қонақүйлер де түсіністік танытып, уступкаға баруға дайын екенін айтып отыр. Ең бастысы, Air Astana маған билетімді қайта қалпына келтіріп берсін. Бір отбасыға 6 билет алу оңай емес — жалпы құны 6 миллион 400 мыңға шықты.
Ұша алмай, сабылып жүргендердің көбі Air Astanaәуе компаниясының жолаушылары. Сол себепті жағдайды білу үшін компания өкілдерінен сұхбат алмақ болдық. Бірақ әуе компаниясының қызметкерлері осылай қысқа қайырды.
Иә, мүмкіндігінше жолаушылармен жұмыс істеп жатырмыз. Алдымен әуежай ашылуы керек. Сонда барлығы белгілі болады. Ал басқа ақпаратты сізге бере алмаймын.
Қазір әуежайда ұшу-қону жолағы тазартылып жатыр. 10 шақты техника мен әуежайдың қызметкерлері толық жұмылдырылған. Ал тазарту жұмыстарының қашан аяқталатыны белгісіз.
Андрей Венгринюк, Х. Доспанова атындағы халықаралық әуежайдың ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инженері:
- Біз қардан тазартқанымызбен, қайтадан жауып қалып жатыр. Қызметкерлер аршып жатыр, бірақ аршылған аумақ қайта қарға көмілуде. Біздегі жолақ – 3 мың метр. Оның барлығын бірден тазарту мүмкін емес. Осының салдарынан жағдай қиындап тұр.
Кейбір рейстер тағы кешіктірілсе, кейбірі тіпті ертеңге ауыстырылған. Ал жолаушылар: «Жолдан қалдық», - деп наразылық білдіруде. Әуежайдың қысқа дайын емес екенін айтып, шағымданып отыр.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Атырауда қазір 9 рейс кешігіп, ұша алмай жатыр. 2 күннен бері әуежайда сабылып жүрген жолаушы көп. Ал Атырау қаласына келетін ұшақтар ауа райының қолайсыздығына байланысты өзге өңірлерге қонып жатыр.
Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин