Жасанды интеллект арқылы жасалған контентті желіге жүктемес бұрын абай болыңыз! Себебі арнайы белгі болмаса, әп сәтте айыппұл арқалауыңыз мүмкін. Бүгіннен бастап Жасанды интеллект туралы заң күшіне енді. Нейрожелі қолданушылары енді нені ескеруі тиіс? Айыппұл арқаламаудың жолы қандай?
Дана Әлиева, тілші:
- Сондықтан депутаттар былтыр Жасанды интеллект туралы заң жобасын қабылдап, Президентке жолдаған еді. Мемлекет басшысы 60 күн бұрын қол қойған бұл құжат дәл осындай контенттің шынайы емес, жасанды екенін ашық көрсетуге бағытталған. Яғни жасанды интеллект көмегімен жасалған әрбір сурет, видео және аудио таңбалануы тиіс.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- ЖИ-ді былай бөліп қарауға болады. Адамды дүрліктіретін, дүрліктірмейтін деген секілді. Кейде мысық, ит күліп қана қарайсың. Кейде бір төтенше жағдай немесе бір саясатта немесе осы бір ғимараттардың құлап жатқанын, өртеніп жатқанын көріп, адам эмоцияға, психикалық ауытқуға да түсуі мүмкін соны көріп. Сондықтан да заң аясында сондай видео, фотоларға маркировка, таңбалану міндетті болып табылады.
ЖИ арқылы жасалған
Ал контент жасанды интеллект арқылы жасалды деген арнайы таңба қолданылмайтын болса, өнім авторы айыппұл арқалайды. Нақты мөлшері жайлы министрлік өкілдерінен сұрадық.
Бақберген Шәріпбек, ҚР ЖИЦДМ Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитеті басқармасының сарапшысы:
- Жеке тұлғаларға 15, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 30, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген.
Жауаптылар құқықбұзушылық бір жылда қайталанатын болса, айыппұл мөлшері екі есе өсетінін айтты. «Дегенмен 31 баптан тұратын заң жобасында өзге жаза түрлері нақтыланбаған», - дейді заңгер Аржан Сәдуақас. Бұдан бөлек, меншік иелері мен иегерлері деген терминнің өзі көпшілікке түсініксіз. «Өйткені қолданушы мен платформаның аражігі бөлінбеген», - дейді ол.
Аржан Сәдуақас, заңгер:
- Егер де Қазақстанда филиалдары болмаса, өкілдіктері болмаса, онда кімді сіз жауапкершілікке тарта аласыз? АҚШ-тағы OpenAI компаниясын егер де маркировка болмаса жауапкершілікке тарту мүмкін емес. «Иегерлері» деп көрсетілуінің себебі де осы шығар: мысалы, менің аккаунтым болса, ЖИ түрлері өте көп қой. Заң шығарушы солай ойлап отырған болар. Бірақ бұл жағдайда мен иегер болып шықпаймын ба? Мысалы, оны қанша адам пайдаланып жүр. Сонда барлығы иегері, демек олардың бәрі жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Заңгердің сөзінше, Қазақстан мұндай заң жобасын қабылдаған алғашқы елдердің бірі. Сондықтан ол уақыт өте барлық олқылық реттелеріне сенімді.
Оның үстіне қазірдің өзінде бірқатар платформа сурет пен бейнежазбаларға автоматты түрде арнайы белгі қоя бастаған. Бұл жаңа талаптың іске асуы техникалық тұрғыдан мүмкін екеніне, әрі таңбалаудың қалыпты тәжірибеге айналарына сенім ұялатады.
Дана Әлиева, Диас Ковланбаев, Самат Оспанов