Атом стансасын салу – тарихи олқылықтың орнын толтыру

  • 11
  • 16.01.2026, 21:46

Ал сирек металлдарды игеру ісін ілгерілету – елді осы саладағы жетекші державалардың біріне айналдыратын қадам болмақ. Бірақ оған Қазақстанның геологиялық әлеуеті қаншалықты жеткілікті деген сұрақ туындайды.

Энергетика саласын дамыту бойынша өткен Үкіметтің арнайы отырысында «Алдағы жылға қарай тапшылықтан шығамыз», - деп баяндады Ерлан Ақкенженов. Энергетика министрі баяндағандай, қазір жалпы қуаты 15,3 ГВт болатын 81 жоба жүзеге асырылып жатыр. Ал 2035 жылға дейін қосымша 26 ГВт-тан астам қуат өндіру көзі іске қосылады. 

Тағы бір маңызды бағыт – атом энергетикасы. Алматы облысында алғашқы атом электр стансасының қазығы қағылды. Қазіргі таңда оның энергетикалық тепе-теңдіктегі үлесі нөлге тең болғанымен, келешекте 3 атом электр станасы қолданысқа берілгенде 11-15 пайызға дейін жетеді. Бұл өз кезегінде декарбонизация, яғни ауаны ластайтын көмірсутектердің үлесін азайту жөніндегі халықаралық міндеттемені орындауға жол ашады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бірнеше атом станциясын салу – біріншіден, тарихи олқылықтың орнын толтыру деген сөз. Себебі уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұрған елдің бірде-бір атом электр станциясын салмауы мүлдем ақылға қонбайды. Екіншіден, бұл қадам Қазақстанның абырой-беделін нығайта түседі. Біз атом станцияларын салу арқылы техникалық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастырамыз. Тиісінше, мемлекеттік саясаттың түпкі мәнін өзгертеміз. Осыны қаперден шығармаған жөн.

Тағы бір маңызды бағыт – 21-ғасырдың мұнайына баланатын сирек металлдар. Мемлекет басшысы алдағы бес жылдың өзінде оған сұраныс екі есе өсетінін мәлімдеді. Айтуынша, сирек кездесетін минералдар қоры бойынша Қазкақстан әлемдік көшбасшылар қатарына қосылуы әбден мүмкін. Бұл елімізге осы саладағы аймақтық рөлін күшейту сынды стратегиялық міндет жүктейді. 

Назгүл Сүйіндікова, ҚР Құрылыс және өнеркәсіп министрлігі басқармасының басшысы:

- Бүгінгі таңда еліміздің аумағында 200-ге жуық кен орны есепке алынған. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргіземіз, жаңа кен орындарын анықтау әлеуеті жақсы. Мысалы, геологиялық барлау нәтижесінде былтыр ел аумағында 20-ға жуық жаңа учаске анықталды.

Сирек металлдарды игерудің кешенді жоспары аясында жердің астындағы емес, үстіндегі техногенді минералды түзілімдердің де әлеуеті жоғары. Ол жалпақ тілге салсақ, кен орындарында жинақталған қалдықтар. Қазір олар есепке алынып, зерттеліп жатыр.

Бүгінде ел аумағында 58 млрд тонна техногендік қалдық жинақталса, оның 11 пайызынан қайта өңдеу жолымен сирек металлдарды алуға болады. Ал отандық геологияны дамытудың 2021-28 жылдар аралығын қамтитын кешенді бағдарлама мен заңнамалық өзгерістер барлау және зерттеу жұмыстарында ЖИ, цифрлық және ғарыштық технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік ашып отыр. Ел аумағында сирек кездесетін минералдардың барланаған қоры 28 млн тоннадан асады. Ал жаңа стратегиялық жоспар мен заңнамалық реформалар алдағы уақытта аталған көрсеткіштің ұлғаюына негіз болмақ.

Берік Дүйсенбай, Таир Мерекенов