Медициналық қызметтерді қаржыландыру саласында көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес, Қаржы министрлігі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне кешенді талдау жүргізді. Нәтижесінде шығын көлемі 2026 жылға қарай 2,4 триллион теңгеге дейін ұлғайғанымен, қор жұмысының тиімділігі артпаған.
Сараптау барысында жалған науқастарды тіркеу, медициналық қызметтерді қосарлап қаржыландыру, балаларға күніне мыңнан астам дәрі-дәрмектерді жазып беру деректері анықталған. Сондай-ақ қайтыс болған адамдарға медициналық көмек рәсімделген. Осы фактілерге байланысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы шешім қабылданды.