Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары мақұлданды

  • 9
  • 19.01.2026, 21:34

Үкімет мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын мақұлдады. Құжат мал басын арттыруға, өнімділікті өсіруге және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы жалпы өніміндегі мал шаруашылығының үлесі 39 пайыз. Алайда саланың жылдық өсімі небәрі 2-3 пайыз деңгейінде қалып отыр. Осыған байланысты кешенді жоспарға сәйкес 2030 жылға дейін ірі қара мал саны 12 миллион басқа, ал ұсақ мал 28 миллион басқа дейін жеткізіледі. Ет өндірісі 1,8 миллион тоннаға дейін ұлғайып, экспорт көлемі 165 мың тоннаға жетпек. Мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу үшін асылтұқымды мал сатып алуға және жайылым инфрақұрылымын дамытуға жылдық 6 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Ал мал азығын дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға 5 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыру қарастырылған. Сонымен қатар жоспар аясында шопандар мен бақташыларға 55 жастан кейін әлеуметтік қолдау көрсету, ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету көзделген.