Алаяқтық әлеуметтік-экономикалық салаларға кедергісін келтіріп, азаматтарды оңдырмай сан соқтырып жатыр. Мәселен, қарағандылық ерлі-зайыпты кибералаяқтарға сеніп, үйінен айырылып қала жаздады. Үш күн бойы белгісіз қаскөйлер ерлі-зайыптыларға психологиялық қысым жасап, алтын бұйымдарын ломбардқа өткізуге, барлық жинақтарын аударуға, несие рәсімдеуге, тіпті үйін сатуға мәжбүрлеген.
Телефон шалған бейтаныс адам өзін коммуналдық қызмет өкілі ретінде таныстырған. Ол есептегіш құралды жоспарлы тексеру үшін СМС арқылы келген кодты сұрап алады. Кейін тағы бір адам хабарласып, кодтың алаяқтардың қолына түскенін және несие рәсімделіп жатқанын айтады. Оны болдырмау үшін «алаяқтықпен күрес бөлімінің бас сарапшысына» қосады. Бейнеқоңырау арқылы сөйлескен полиция киіміндегі адам жағдайдың шын екеніне сендірген. Осылайша ерлі-зайыптымен үш күн бойы байланыста болып, бар ақшасын аударуға мәжбүрлеген. Тіпті несие рәсімдеткен. Жеке бас қауіпсіздігі үшін жәбірленуші жүзін көрсетуден бас тартты.
Ирина Андреева, жәбірленуші:
- Соңғы рет хабарласқанда «Несиеге қатысты мәселені жаптық, енді алаяқтар ала алмайды. Бірақ олар сіздердің үйлеріңізді сатуға көшті. Қазір риелторлық компанияға баруыңыз керек», - деді. Компанияның атауын, мекенжайын айтып, үйді сату-сатып алу туралы келісімшарт жасасу керектігін түсіндірді. «Уайымдамаңыздар, бәрі кейін жойылады, ешқандай сату болмайды. Біз тек алаяқтарға кедергі жасаймыз, сіздер үйді өздеріңіз сатып жатырсыздар деп көрсетеміз», - деді.
Риелтордан шыққан соң микроқаржы ұйымына бара жатқанда жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін ерлі-зайыптылардың көлігін патрульдік полиция тоқтатады. Тәртіп сақшылары олардың қатты қобалжып тұрғандарын байқаған.
Алмас Оспанов, ПБ Патрульдік полиция полкінің взвод командирі:
- Олар белгісіз адамдарға 3 миллион теңге аударғанын, енді қосымша несие алмақ болып жүргендерін және үйді кепілге қойып, сатқалы жатқанын айтты. Біз оларға әлгілердің алаяқ екенін түсіндіруге тырыстық, бірақ бастапқыда олар сенбеді. Ерлі-зайыптылар полиция бөліміне жеткізіліп, түсіндіру жұмысы жүргізілді.
Ерлі-зайыптылар бұл ойластырылған алаяқтық схема екенін сол кезде ғана түсінген. Үйді сату жөніндегі мәмілені дер кезінде тоқтатып үлгерді. Қазір қылмыскерлер іздестіріліп жатыр.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Былтыр облыста 2500 интернет-алаяқтық фактісі тіркеліп, жәбірленушілерге 5 млрд теңгеге жуық шығын келтірілген. Ал осы қаңтар айының өзінде 69 жағдай тіркеліп, киберқылмыскерлер 152 млн теңгені қолды етті.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит