Қазір елімізде әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін қамту бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында бұл мәселенің қоғамда әлі де өзектілігін жоғалтпағанын айтты. Жуырда Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова әйелдердің жұмыс уақытын қысқарту мәселесін көтерді. Айтуынша, ерекше қажеттілігі бар балалар мен қарт кісілерге күтім көрсетудің 95 пайызға жуығын әйелдер атқарады.
Елорда тұрғыны Ләззат Әбенова үш баланың анасы. Ол күндіз 8 сағат жұмыс істегендіктен, ерекше қажеттілігі бар баласына тек 4 сағат көңіл бөле алады. «Медициналық мекемелерге тек жұмыс уақыты аяқталған соң барамыз», - дейді. Бекітілген жұмыс кестесіне байланысты баласын күндіз жалғыз қалдыруға мәжбүр.
Ләззат Әбенова, ерекше баласы бар ана:
- Шыны керек, жұмысты бірге алып жүру өте қиын. Ол баланың сабағы, алып баратын сабағының барлығын кешкіге қалдырамын. Себебі көп орталықтар кешке дейін істемейді. Менен басқа, папасынан басқа оған қарайтын адам жоқ. Балаларға жәрдемақы береді ғой. Ол шыны керек, бір ғана сабағына кетеді. АПК-сына. Болды. Сол баланың бассейні бар, сенсорлық интеграциясы, нейропсихологы, АБ терапиясы бар.
Елордадағы ерекше балаларға арналған орталықта қазіргі уақытта 1400 отбасы тіркелген. Оның 500-ден астамы толық емес. Ұйым басшысы мұндай жағдайда жүк аналардың мойнына түсетінін айтады.
Гүлсән Мауина, Астана қалалық «Ерекше балалар ата-аналарының одағы» РҚБ филиалының жетекшісі:
- Көбінде аналар. Ер адамдар шыдай алмай кетіп қалады. Өкінішке қарай жұмысқа шыққан да да анаға өте қиын. Жұмыста жүргенде баласын уайымдайды. Жұмыс уақытын қысқарту деген біздің отбасыларға өте жақсы болар еді. Жұмыс берушілерге қаржылық жеңілдіктер болса.
Әлемдік тәжірибеде Исландия, Ұлыбритания, Франция және Испанияда апталық жұмыс уақытын қысқарту мен сағаттарды икемді бөлу арқылы әйелдердің дағдарысқа ұшырау деңгейін 40 пайызға дейін төмендеткен. Еуропалық одаққа мүше бірқатар елде күтімге арналған арнайы сағаттар мен ақылы қысқартылған жұмыс аптасы енгізілген. Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова еңбек пен күтімді қатар алып жүрген әйелдер үшін осындай пилоттық жобаны Қазақстанда іске қосуды ұсынды.
Ажар Сағандықова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазақстанның ұлттық заңнамасында жекелеген кепілдіктер болғанымен, онда ақысыз жұмыстың нақты көлемі есепке алынбаған. Фракция Еңбек кодексінде балаларға, науқастарға және егде жастағы туыстарына, оның ішінде мүмкіндігі бар балаларға күтім көрсететін әрі жұмыс істеп жүрген әйелдер үшін қысқартылған апталық жұмыс уақытын бекіту құқығы берілуі қажет деп санайды. Бұл ретте олардың жалақысы мен әлеуметтік кепілдіктері сақталуы тиіс.
Қазіргі таңда жұмыс беруші қысқартылған жұмыс уақыты үшін толық жалақы төлеуге құқылы, бірақ міндетті емес. Егер бұл шарт еңбек келісімінде жоқ болса, төлем тек жұмыс істеген уақытқа есептеледі. Ұлттық заңнамада ерекше күтімді қажет ететін балаларға қараған әйелдер жеке санат ретінде көрсетілмеген.
Диана Қадыр, Самат Оспанов