Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жетілдіру қажеттігін мәлімдеген. Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Президент тапсырмасының орындалуы жөнінде баяндады.
Атап айтқанда, балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі қарастырылуда. Салалық министрлік 16 жасқа толмаған азаматтар үшін әлеуметтік желілерде тіркеуге тыйым салуды көздейтін онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттейтін заң жобаларын әзірледі. Қазір аталған өзгерістер сараптамадан өтіп, қоғамдық талқылауға шығарылған. Бұл ретте құзырлы министрліктермен бірлесіп, пайдаланушылардың жасын тексеру механизмдерін әзірлеу, қажетіне қарай жауапкершілік шараларын қарастыру жоспарланып отыр.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі: - Халықтың медиасауаттылығын арттыруға және тәуелсіз БАҚ-ты қолдауға ерекше назар аударылады. Бұл бағытта салалық журналистиканы дамыту комиссиясы және басқа да тетіктер арқылы тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ онлайн-платформалар мен БАҚ арасындағы жарнама бөлу және кейбір тауарларды жарнамалауға тыйымды ішінара алып тастау мүмкіндіктері заңнамалық тұрғыдан қарастырылады.