Білім беру саласының қаржыландыру тетігі қайта реттеледі

  • 7
  • 22.01.2026, 21:44

Енді жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мораторий енгізіледі. Ұлттық құрылтайда Президент алға қойған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Үкімет тиісті шаралар қабылдауға кірісті. Бір сөзбен айтқанда білім берудегі жан басына шаққандағы қаржыландыру саясаты жаңғыртылады. 

Жекеменшік мектептер мәселесі былтырдан бері жиі көтеріліп жүр. Мәжіліс депутаттары мемлекеттік мектептен оларға ауысатын оқушылар саны артты десе, өзгелер соңғы алты жылда ондай білім ордаларының саны 4 есеге көбейгендігіне алаңдаушылық білдірді. Қазір елімізде 890 жеке мектеп бар. Осы білім ошақтарында 250 мыңға жуық оқушы оқиды. Оның әрқайсысына орта есеппен 700 мың теңгеден төленеді. Оған қоса кей мектептердің ата-аналардан да ақша алатындығы анықталды. Осыдан кейін мемлекеттік қаржыландыруды тоқтату қажеттігі туындады.  

Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Кезінде елде мектеп жатпай жатқан кезде, бизнес соған көмектесуге келді. Бизнеске үкімет көмектесті. Оның ақшасын өтеумен, барлығын мемлекет көмектесті, мемлекет тарапынан жақсы көмек болды. Мен өзімде сол көмекті алдым, жатақхана салдым студенттерге. Ол бар нәрсені айту керек. 30 жылда өзін-өзі қалыптастырмаған мектеп, мектеп емес.

Бұл мәселе Ұлттық құрылтайда да сөз болды. Кеше Үкімет жаңадан ашылатын жеке мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыру ісіне мораторий енгізілетінін мәлімдеді. 

Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі:

-Мемлекеттік қаржыландыру енді тек өңірдегі нақты қажеттілік бар жекеменшік мектептерге ғана бағытталады. Бұл ретте мемлекеттік мектептердің болмауы, үшауысымды оқытуды жою және апатты мектептердің орнына жаңа білім беру нысандарының салынуы негізгі басымдық ретінде айқындалып отыр. 

Сондай-ақ Қазақстанда медициналық ұйымдарды қаржыландыру тетіктері де қайта қаралады. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне жүргізілген кешенді тексеріс барысында бірқатар елеулі заңбұзушылық анықталғанын мәлімдеген. Үкімет МӘМС-ті тексеруді бастады. Мақсат - миллиардтардың қайда кеткенін анықтау. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына берілетін болды. Ал оның ақпараттық жүйесін 1 шілдеге дейін Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесіне интеграциялау тапсырылды. 

Ердәулет Ыбырайұлы