«Қызылорда – Жезқазған» жолы биыл ашылады

  • 7
  • 23.01.2026, 19:32

«Қызылорда – Жезқазған» жолында биыл көлік қозғалысы қайта жанданады. Бұған дейін сыр өңіріндегі бөлігінде жөндеу жұмыстары толық аяқталса, Ұлытау аймағындағы учаскесін желтоқсанға дейін іске қосу жоспарланған. Ал көлік қарқыны жоғары «Батыс Еуропа – Бастыс Қытай» халықаралық дәлізінің жүздеген шақырымы төрт жолақты болады. Қазір құрылыс жүргізетін мердігер мекемелерді анықтау ісі жүргізіліп жатыр.

«Қызылорда-Жезқазған» жолының жалпы ұзындығы – 400 шақырым. Сыр өңіріндегі бөлігінде көліктер жүйткіп жүрсе, Ұлытау облысындағы учаскесін жаңғырту үшін 4 мердігер компания жұмыс істеп жатыр. Құрылыс қыста баяу болғанымен, жаз шыға қарқынын арттыру көзделген.

Мерей Шахарбаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ұлытау облыстық филиалының директоры:

- «Қызылорда - Жезқазған» бағыты бойынша Ұлытау облысына тиесілі 208 шақырым. Қазіргі таңда 70 пайыз топырақ жұмыстары аяқталды және 40 шақты құбыр жұмыстары, су өткізгіштер, жоба бойынша 4 көпір қарастырылған. Бұдан бөлек, асфальт жамылғысы үш төсем жамылғысынан тұрады. Жобада қарастырылған 5 демалыс алаңы бар,олар жарықтандырылған және жылы туалеттермен қамтамасыз етіледі.

Бұл жол өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған. Бірақ содан бері жөндеу көрмегендіктен тозып тұр. Биыл көлік қозғалысы үшін ашу жоспарланып отыр. Ал айналасын абаттандыру келер жылы аяқталып, толық пайдалануға берілмек. Әрі бұл жол азабын тартқан жолаушыдан өзге, ел үшін үлкен маңызға ие. Себебі өңірлерді Астанамен байланыстыратын ауқымды жоба. Бұдан өзге, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің Ақтөбе өңірінде төрт жолақты жол құрылысы басталды.

Нұртілек Хасенов, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:

- Президент құрылтайда төрт жолақтыға ауыстыру бойынша Қызылорда мен ары қарай Ұлғайсынға дейінгі аралықты атап өтті. Енді бұл жерде де қазір Қызылорда мен Сексеуілдің арасында конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Осы рәсімдер өткеннен кейін бұл аралықтағы жұмыстар 2026 жылдың екінші жартыжылдығынан кейін бастау жоспарланып отыр.

Транзиттік әлеуетін арттырып жатқан Қазақстан көлік жолдарын жаңғырту ісін жалғастыра береді. Батыс пен шығысты байланыстыратын аймақта орналасқандықтан, тасымалдау бағыттарын әлемдік талапқа сай ұстау – басты міндеттердің бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – айрықша маңызды міндет. Бұл біріншіден, Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөлін арттыра түседі. Екіншіден, облыстар арасындағы көлік байланысын барынша жақсартады.

Көлік жолдарын жаңғырту үшін биыл ауқымды инфрақұрылымдық жобалар да қолға алынады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Бұл бағытта іске асатын жобалар ауқымды. Атап айтқанда, көп жылдан бері тозып тұрған «Қарағанды – Жезқазған», ал елдің оңтүстік және орталық өңірлерін батыстағы Ақтау, Құрық порттарымен байланыстыратын «Бейнеу – Сексеуіл» жолдары да бар. Қазір осыған орай тиісті рәсімдер қолға алынған. Маңызды жобалардың кейбіріне халықаралық ұйымдардың қаржысы тартылмақ.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Қайрат Ақтөреев