Олардың арасында гаджетке тәуелді жеткіншектер де бар. Мамандар видео-ойынға тәуелділіктің салдары психикалық ауытқуға дейін әкелетінін айтып, дабыл қағып отыр. Бізге қауіпсіз болып көрінген ойындар бала дамуын тежеп, жүйке жүйесі мен мінез-құлқына кері әсер етеді.
Сапар Құттыбайұлының психиатрия саласында жұмыс істегеніне 30 жылдан асқан. Ол балалар гаджетке тез тәуелді болатынын айтады. Тіпті виртуалды әлем мен шынайы өмірдің ара-жігін ажырата алмай қалғандары да бар. Амалы таусылған ата-ана баласын психикалық сауықтыру орталығында емдетуге мәжбүр болған.
Сапар Рахменшеев, қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры:
- 8 жасар бала 2-3 күн қатарынан ойын ойнап, түнгі ұйқысы бұзылып, көзіне әртүрлі елестер пайда болып, сөйтіп ата-анасы бізге алып келді. Сонда жаңағы баланы көргенде, ол бала ойынның ішіне кіріп кеткен, сол ойыннан әлі шыға алмай, соның ішінде жүр бала. Яғни оның көз алдында елестер әртүрлі ойынның ішіндегі персонаждар құлағына да дауыстар естіліп жатыр, көрдіңіз бе бұл жерде мидың тынықпағанының нәтижесінде.
Алматы тұрғыны Бақыт Нұратдинова да смартфонды серік еткен бүлдіршіндерінің мінез-құлқы өзгергенін байқаған.
Бақыт Нұратдинова, қала тұрғыны:
- Бұрын менің екі кішкентай балам телефоннан көз алмай, көп ойнайтын. Сосын біз олардың мінездерінің өзгергенін байқап, тыйым салатын болдық. Ашуланшақ болып кетті, тілді тыңдай алмайды. Айтқанды істемейді. Сол үшін телефонның уақытын азайтып, екі сағат, бір сағат, жарты сағатқа азайтып, мүлдем қазір бермейтін болдық. Содан кейін балалардың мінезі өзгеріп, сол телефонның орнына лего ойнайды, сурет салады, билейді, өлең айтады.
Дәрігерлер әсіресе 1 жасқа толмаған балаларға телефон беру қауіпті екенін ескертеді. Жүйке жүйесі дұрыс қалыптаспай, психикасында ауытқу пайда болуы мүмкін. Ал үлкендеу баланы жай ғана шектемей, келісім жасау тәсілін қолануға кеңес береді.
- Біріншіден, балаларымызға уақытылы көңіл бөле бастауымыз керек. Екіншіден, ол балалармен келісім жасауымыз керек. Мысалы, мектептен келгеннен кейін бір сағат тынығасың, екі сағат үй тапсырмаңды орындайсың, содан кейін барып ойнауға бір жарты сағат уақыт беріледі. Сонда ғана ойнайсың деген сияқты, сондай келісім жасауымыз керек.
Бүлдіршіндер телефондағы ойынға әуес болса, жасөспірімдерде әлеуметтік желіге тәуелділік байқалуда. Кибералаяқтық пен кибербуллингке ұшырағандар да бар. Осы қауіптердің алдын алу мақстында елімізде 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салынуы мүмкін. Үкімет отырысында бұл мәселені Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көтерді. Жаңа заң жобасы жасөспірімдерді интернеттегі зиянды контенттен қорғайды. Құжаттағы өзгерістер сараптамадан өтіп, қоғамдық талқылауға шығарылды.
Ернұр Рысбай, Радик Жакупов