Аралды қалай сақтап қаламыз?

  • 11
  • 26.01.2026, 21:33

Қызылорда облысында ирригация желілерін автоматтандыру жобасы дайындалып жатыр. Сол арқылы суды тиімді пайдаланып, үнемделген тіршілік нәрін Солтүстік Аралға бағыттау көзделген. Сонымен қатар Көкарал бөгетін жаңғырту жобасы қолға алынды. V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы дәл осы теңізді сақтау мәселесіне айрықша назар аударды. Бұл мәселе мемлекеттік су саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Соның негізінде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Михневпен кездесіп, аталған жобаларды бірлесе жүзеге асыру тетіктерін талқылады. Сондай-ақ тараптар бұл мәселелерді Халықаралық қаржы ұйымдарымен жұмыс жөніндегі үйлестіру кеңесінің қарауына шығару туралы келісті.

Елордада Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстандағы Дүниежүзілік банктің тұрақты өкілі Андрей Михневпен кездесті.  Тараптар бірлескен жобаларды іске асыру тетіктерін талқылады. Атап айтқанда, Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру мәселесі қаралды. Сондай-ақ Қызылорда облысындағы ирригация желілерін цифрландыру және автоматтандыру элементтерін енгізе отырып қалпына келтіру жоспары дайындалып жатыр. Енді бұл бастамалар Премьер-министрдің төрағалығымен өтетін Үйлестіру кеңесінде қаралады.  

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

-Солтүстік Аралды сақтау жобасы теңіздегі су деңгейін көтеру мақсатында Көкарал бөгетін қайта жаңғыртуды көздейді. Қазіргі таңда бұл жобаны әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар бізде екінші бағыт бар. Ол Қызылорда облысында суды неғұрлым тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, үнемделген су көлемін Солтүстік Арал теңізіне бағыттау.