Елімізде балаларға арналған SIM-карталар пайда болуы мүмкін. Мақсат – оқушыларды құқыққа қайшы контенттен қорғау. Нақты шешім қабылдау үшін қазір жұмыс тобы құрылыпты. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Жалпы 2030 жылға дейін балалардың қауіпсіздігімен қатар білім беру, денсаулығын нығайту бағытында ірі жобаларды іске асыру жоспарланған. Мәселен, стоматологиялық кабинеті бар мектептер саны артады.
Былтырдан бері оқушысы бір мыңнан асатын білім ошақтарында стоматология кабинетін ашу қолға алынған. Мақсат – балаларға ауыз қуысы гигиенасына сақтауды үйретіп, жұқпалы аурларды ерте анықтау және тіс жегісі мен олардың асқынуының алдын алу. Үкімет енді осы жобаның ауқымын кеңейтпекші. Алдағы 3 жылда қосымша 862 стоматология кабинетін ашуды жоспарлауда. Бұл «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының бір бағыты. Бүгінгі жиында аталмыш құжаттың мазмұны таныстырылды. Ол қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау сияқты бағытарды қамтиды. Онда 158 іс-шара жоспарланған.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Барлық өңірде бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер жұмыс істейді. Олар бала құқықтарының сақталуын бақылайды әрі балалар мен отбасыларға көмек көрсетеді. 1 ақпаннан бастап барлық білім беру ұйымына «тосыннан тексеру» қағидаты бойынша ерекше бақылау мен қадағалау жүйесі енгізіледі. Бұл балаларды сауықтыру, олардың қауіпсіздігі мен тамақтану мәселелеріне қатысты.
Балаларға арналған SIM-карталар енгізіле ме?
Статистика мәліметтері бойынша елімізде 7 миллионға жуық бала бар. Соңғы жылдары олардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған 10 заң қабылданыпты. Кей сарапшылар: «Дегенмен оқушыларды зиянды ақпараттардан толық оқшаулай алмай отырмыз», - деп санайды. Балалар үшін әлеуметтік желілерді шектеу мәселесі әлі сұрақ күйінде тұр. Тіпті оқушыларға арнайы SIM-карта жасау бастамасы көтерілді. Ол бойынша арнайы жұмыс тобы құрылыпты. Министрдің сөзінше, бірнеше нұсқа қарастырылуда.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Бірінші тәсіл – балаларға арналған SIM-карта арқылы тіркеу. Екінші тәсіл – 14 жасқа дейінгі балалардың құқыққа қайшы контентке қолжетімділігін бақылау әрі шектеу мүмкіндігін енгізу. Үшінші жолы – мектептегі цифрландыру, медиа сауаттылық пәндері аясында балаларға сауатты әрі жауапты болу жолдарын үйрету. Жалпы балалар үшін әлеуметтік желілерді шектеу мәселесін медиа мамандармен, ата-аналар қауымдастығымен талқылау қажет.
Жиында балаларға қатысты құқықтық стистикалар да айтылды. Былтыр көшеде қараусыз жүрген 130 мың бала анықталыпты. Оның 2 600-і ойын-сауық орындарында көзге түскен. Ата-ана міндетін орындамаған 29 мың азамат жауапқа тартылыпты. Сондай-ақ балаларды тасымалдау ережелерін бұзудың 17 мың дерегі тіркелген.
Ердәулет Ыбырайұлы. Айдос Меделбеков