Қарағанды облысында 600-ден астам лифтті нормативтік пайдалану мерзімі өтіп кетуіне байланысты жаппай ауыстыру қажет. Тек кеншілер қаласының өзінде жүздеген үй 1970 жылдары орнатылған жеделсатыларды пайдаланып келеді. Биыл мемлекеттік бағдарлама аясында бар болғаны 25 лифтті ғана ауыстыру жоспарланып отыр. Жаңғырту жұмысы неге баяу?
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Жарамсыз болған лифттер өте көп. Олардың кейбіріне тіпті жарты ғасырдан асып кеткен. Мысалы, Қарағандының қақ ортасындағы мына үйдің жеделсатысының қаңтарулы тұрғанына біраз болған. Өңірде осындай жұмыс істемей тұрған 150-ден астам лифт бар.
«Бұған қоса жұмыс істеп тұрса да, жарамдылық мерзімі баяғыда өтіп кеткен 400-ден астам лифтіні ауыстыру қажет. Олардың басым бөлігі тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр», - дейді мамандар.
Данияр Дүйсембаев, тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының директоры:
- Көбі 40-50 жылдан асқан лифттер. Оларды пайдалану жыл өткен сайын қауіпті болып барады. Себебі металлы шіріп кеткен, көтергіш механизмі тозған. Қайта жөндеу мүмкін емес. Сондықтан жаппай жаңалаған жөн.
Жеделсатысы жоқ үйдің тұрғындарына өте қиын. Әсіресе қарт адамдар мен мүгедектігі бар жандар далаға шыға алмайды.
Алексей Коровиков, қала тұрғыны:
- Менің жасым 74-те, баспалдақпен көтерілу өте қиын. Сегізінші қабатта кішкентай балалары бар адамдар тұрады. Оларды күн сайын арқалап жүреді. Біз жеделсатыны ауыстыруға өтініш жазғанбыз. Биыл жаңалап береміз деген. Бірақ нақты қай кезде екені белгісіз.
Қазір жарамдылық мерзімінен 2-3 есе асыра пайдаланылған лифтілердің біразы тоқтатылған. Жаңа лифтіні тұрғындар өз қаражатына немесе тұрғын үйді жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасы арқылы орнатуына болады. Бағдарлама негізінде лифтінінің құнын 8 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Мысалы, мына тоғызқабатты үйде жеделсаты дәл осы жүйе арқылы жаңартылған.
Любовь Чеканова, қала тұрғыны:
- Былтыр бізге лифтіні ауыстырып берді. Қуанышымыз шексіз. Қазір жоғарғы қабаттарға қиналмай көтерілеміз. Ескі лифт сықырлап, тербеліп тұратын, кейде ішінде қалып та қоятынбыз.
Былтыр өңірде мемлекеттік бағдарлама аясында көпқабатты үйлерде 51 лифт ауыстырылды. Ал биыл Қарағанды мен Теміртауда ғана 25 жеделсатыны жаңарту жоспарланған. Қазір тұрғын үй қорын жаңғырту орталығында тұрғындардан түскен 170 өтініш жатыр. Оларды іске асыру мерзімі қаржыландыру көлеміне байланысты болады.
- Қазіргі уақытта қаржыландыру тоқтатылған. Біз республикалық бюджетке өтінім жасадық. Сонымен қатар жеке компаниялар арқылы инвестиция тарту мәселесін де пысықтап жатырмыз. Облыстық бюджет есебінен жобалық-сметалық құжат та дайын. Яғни барлық қаржыландыру көздерін қарастырып, жаңғырту жұмысын жеделдеткіміз келеді.
Мамандардың айтуынша, ескі лифтілерге қажетті қосалқы бөлшектер қазір ешқайда шығарылмайды. Сондықтан жеделсатыларды жаппай жаңалаған жөн. Ал жаңа көтергіштер тек биылдан бастап Алматы мен Астана қалаларындағы отандық өндірушілерден сатып алынуы тиіс.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит