Тараз тұрғыны тотықұс өсіріп, қыруар табыс тауып отыр

  • 7
  • 27.01.2026, 18:56

Нұржан Нұрмаханұлы қазір тропикалық құстың санын 200-ден асырған. Ол бұл бизнесін бастау үшін былтыр мемлекеттен 1,5 млн теңге грант алыпты. Сөйтіп аймақта мұндай кәсіп түрін ашқан алғашқы адам. Кәсіпкер құскепесінде корелла, амадина, роззела мен пенанта секілді тропикалық қанаттының 10 түрі бар. Қазір құстары балапан басып жатыр. Көктемге қарай әрқайсысын 2 мың теңгеден бастап 60 мың теңге аралығында саудаламақ. 

Қазір қосқанаттыларға Тараздан өзге Шымкент, Алматы қалаларынан сұраныс көп. Былтыр шаһарда Нұржан секілді 215 тұрғын қайтарымсыз қаржы алған. Грант ұтқандардың қатарында қоян өсіру, кондитерлік және тігін цехы мен мал шаруашылығы кәсібін ашқандар бар.

Нұржан Нұрмаханұлы, жеке кәсіпкер:

- Барлығы үйлеріне алғысы келеді. Үйіне эстетика үшін қойғысы келеді. Үйдің көркін ашады. Балалар гаджеттен кішкене босап, жан-жануарлармен әлек болып, оның астын тазалап, кішкене жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Сол негізгі мақсатым.

Ерғали Кембаев, қалалық мансап орталығының директоры:

- 7 санаттағы азаматтарға бекітіледі. Яғни оны толыққанды айтып өтетін болсақ: көпбалалы аналар, көпбалалы әкелер, асыраушысынан айырылған азаматтарға, қандастарға, содан кейін АӘК алушыларға беріледі. Грантқа бизнес жоспарын көрсетіп, өтінім береді. Бізде тәуелсіз комиссияның құрамы жыл сайын өзгеріп отырады. Грантты тәуелсіз комиссияның жауабымен алады.