Қостанай облысында бизнес бастауға 280 грант беріледі

  • 6
  • 27.01.2026, 21:45

Биыл Қостанай облысында жеке ісін ашуға және бизнесін дамытуға мүдделі адамдарға 280 мемлекеттік грант беріледі. Қоғамның осал топтарына арналған қайтарымсыз қаржыға үміт артатындар аз емес. Бірақ бәрінің бірдей бизнес жобалары талапқа сай келе бермейді. Ал өтеусіз ақшаны былтыр иеленгендер кәсібін игеріп әкете алды ма?

Он баланың анасы Құралай Байкенова әуесқой тігінші. Әжесінің қасында жүріп, құрақкөрпе тігіп, киіз бастыруды бала жастан үйренген. Сол білген-түйгенін табыс көзіне айналдыру үшін  шағын цех ашуға шешім қабылдайды. Былтыр бизнес жоба дайындап, мемлекеттік грантқа қол жеткізген. 

Құралай Байменова, кәсіпкер:

- 1 млн 572 мың тенге. Соған жеңіл машина алдым, сосын мынау үлкен машинаны алдым. Принтер, ноутбук, мынау стеллаждар, жұмыс үстелі сияқты заттар алдым. Енді тәуекел жасаған соң жігер болу керек қой. Сонда ғана табысқа жетуге болады. 

Цехтың ашылғанына не бәрі төрт ай уақыт өтсе де, қала ішінде танылып үлгірген. Бүгінде Құралайдың қолынан шыққан ұлттық үлгідегі көрпе, кәдесыйлар жақсы сұранысқа ие. Тіпті алдағы айларға тапсырыс алып қойыпты.Үлгірмей жатса, туған сіңілісі, балалары келіп көмектеседі.  

Аружан Тұрсынбек, Қ. Байменованың қызы:

- Мынау себеттерге жылтырақтарды желіммен жабыстыру, басып шығару, сәндеп көркемдеу, көбінесе дизайнмен айналысамын. Кейде көрпе тігуге де көмектесем. 

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өкілінің айтуынша, берілген демеу қаржының басым бөлігі технологиялық құрал-жабдықтар, қажетті керек-жарақтар алуға жұмсалған. Грант иегерлерінің 95 проценті бастаған ісін жалғастырып жатыр.

Аружан Бегалова, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы: 

- Былтыр Қостанай облысына 198 грант берілді. Ал өтініш 300-ге жуықтай жетті. 198-і ғана конкурстан өтті. Ал толық гранттың сомасы – 308 млн теңге.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Қостанай облысына биыл әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға жеке кәсібін ашуға 280 мемлекеттік грант бөлініп отыр. Былтырға қарағанда бұл біршама көп. Оны алуға алдағы мамыр-маусым айынан бастап өтініштер қабылдай бастайды.

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров