«Реформа дер кезінде жүзеге асырылып отыр», - дейді саясаттанушы Марат Шибутов. Сарапшының пікірінше, соңғы жиырма жыл ішінде әлем түбегейлі өзгерді, қоғам мен экономика жаңа қадамға өтіп, құндылықтарымыз да жаңарды. Уақыт талабы – Конституцияны заман талабына сай бейімдеу, азаматтардың құқықтары мен мүддесін қорғауды қамтамасыз ету.
Елдің басты құжатын жатқа білмесек те, Конституция бізді барлық жерде қорғайды. «Алайда қазақстандықтардың басым бөлігі үшін Ата Заң әлі де алыстағы, формалды құжат болып көрінеді. Бұлай болмауы тиіс», - деді саясаттанушы Марат Шибутов. Конституцияның идеясын түсінікті әрі айқын ету қажет деп санайды. Преамбулада, яғни Конституцияға кіріспеде қоғам үшін негізгі құндылықтар алдыңғы қатарға шығуы керек.
Марат Шибутов, саясаттанушы:
- Сондықтан біз бұл өзгерістерді саяси жүйе ауысты деп емес, айналамыздағы бүкіл әлем түбегейлі өзгергендіктен енгізіп отырмыз. Экономика өзгерді, еңбек қатынастары жаңарды, қоғам трансформациядан өтті. Соған сәйкес, Конституциядағы жалпы сипаттағы көптеген баптар да уақыт талабына сай ескірді. Сыртқы жағдай да өзгерді. Шын мәнінде, бұл Қазақстан Конституцисының тарихындағы 4-ші бас құжат болмақ. Атап өтсек: Кеңестік, 1993 жылғы, 1995 жылғы және енді 2026 жылғы нұсқа.
Президент реформалары мемлекет пен халық арасындағы қарым-қатынастың парадигмасын өзгертті. Алдыңғы орынға адам құқықтары қойылды. Азаматты қорғауды қажет ететін салалар көбейді. Мысалы, 30 жыл бұрын адам құқықтарының цифрлық қыры туралы дау-дамай болған жоқ. Ал қазір жасанды интеллект өз талаптарын алға тартуда. Сарапшының пікірінше, Конституцияда бекітілуі тиіс тағы бір құндылық — адами капитал, дәлірек айтқанда, оның сапасы. Болашақ жеңіл ақша іздегендер мен инфоцығандардың емес, жоғары технологиялы және инновациялық салаларда еңбек ететін білімді, мәдениетті адамдардың қолында.
- Жаңа жобадағы маңызды өзгеріс – вице-президенттің лауазымы. Ал қарапайым азаматтар тұрғысынан алғанда ең алдымен, дін мен мемлекеттің арақатынасына қатысты мәселелер алдыңғы орынға шығады. Бұл бірінші кезектегі тақырып. Адам құқықтары мен бостандықтары туралы айтқанда - білім беру жүйесі, ғылым мен инновацияны қолдау қағидаттары ерекше мәнге ие. Мұның барлығы қарапайым адамдар үшін аса маңызды дүниелер. Сондықтан мен бұл мәселелерді қоғамға тікелей әсер ететін, бірден сезілетін өзгерістер ретінде осылайша бөліп қарастырар едім.
«Осы жолғы Конституция тек заңдық құжат қана емес, Қазақстанның болашағына бағыт беретін бағдарлама», - деді сөз соңында Марат Шибутов.
Алуа Маханбет, Аян Сәрсенбаев