Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның төртінші отырысы өтіп, Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің жобасы таныстырылды. Түзетулер негізгі құжат мәтінінің 84 пайызын қамтыған. Жобада преамбула, 11 бөлім және 104 бап бар. Жаңа атаулар да енгізілген.
Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасын Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов таныстырды. Оның айтуынша, құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және сарапшылардан түскен барлық ұсыныстардың негізінде әзірленді. Қазір ол білікті заңгерлер мен лингвистердің қарауында.
Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық Соты төрағасының орынбасары:
- Ұсынылып отырған жобада преамбула, 11 бөлім және 104 бап қамтылған. Екі жаңа бөлім пайда болды. Олар «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» деп аталады. 4 бөлімнің атауы өзгертілді. 77 бапқа түзетулер енгізілді. Бұл Конституция мәтінінің 84%-ын құрайды.
Ал адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау күшейтіледі. Сондай-ақ негізгі өзгерістердің қатарында бірпалаталы Парламент, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту секілді нормалар бар. Неке мен отбасы құндылықтарын күшейту де көзделіп отыр. «Президент» бөлімінің ережелері тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралған. Вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне арналған жаңа бап енгізілген. Ал елдің аумақтық тұтастығы жазылған норма өзгермейді.
- Осындай тәртіппен жедел дамитын қала арнайы құқықтық режимі белгіленуі мүмкін. Ол экономиканы тиімді ілгерілету мақсатында жүзеге асырылмақ. Және Астана халықаралық қаржы орталығы мен Алатау қаласын дамытумен байланысты. Бұл нормаларды Конституцияның басқа негізгі баптарымен тығыз байланыста қарау керек. Атап айтқанда, республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы тек Конституциялық Заңмен белгіленеді деп бекітілмек. Қазақстан біртұтас мемлекет, ел аумағының тұтастығы, оған қолсұғылмауы мен бөлінбеуі деген нормалар өзгеріссіз қалуда.
Ата Заңмен жұмыс істеу – аса жауапты іс. Сондықтан комиссия мүшелері ұсынылған жоба мен мәтін мұқият қаралатынын айтты.
Әнуарбек Мырзатайұлы