Қазақстан «таза көмір» технологиясына бет бұрды

  • 513
  • 28.01.2026, 21:32

Көмірің көп болса, көңілің тоқ. Жеріміздің қойнауында жатқан миллиардтаған тонна отынды жағып қана отырмай, оның игілігін молынан көретін уақыт келді.

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың 5-ші отырысында Мемлекет басшысы қара алтыннан келетін зиянды төмендетіп, пайдасын арттыру – «Таза көмір» технологиясына көшу мәселесін тағы көтерді. Енді көмірден қуат өндіру ісінің мәртебесі ұлттық жоба деңгейіне дейін көтерілуі мүмкін. 

Үйіміздегі жылу мен жарық елдегі көмір өндірісі мен оның энергетикадағы үлесінің арқасы. Электр энергиясының 60 пайыздан астамын осы көмірмен жұмыс істейтін жылу электр стансалары беріп отыр. Алайда таяқтың екінші ұшына да тоқтала кетейік. 

Көмірді пайдаланудың зияны бар. Елімізде 1 ГВт сағат электр энергиясын өндіру үшін ауаға 940 тонна көмірқышқыл газы бөлінеді. Көмір тозаңдары адам ағзасында респираторлық және онкологилық ауруларды қоздырады. Табиғи ортаға келер болсақ, көмірді өндіру мен жағу жер бедері, топырақ пен жерасты суларының ластанауына алып келеді.

Бекберген Керей, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының атқарушы хатшысы, эколог:

Әлемде қазір озық технологиялар бар. Сол технологияларды енгізу қабілетіміз әлдеқайда басым. Мысалға, міне көршілес Белорусьті алатын болсақ, олардың өндірісте көмірді пайдаланатын қарқыны бізден он есе артық. Бірақ олардан шығатын ауа, парник газдары, ластағыш заттардың ауаға шығатын үлесі неғұрлым төмен. 

Ақиқат біреу. Қоршаған ортаға зиян екен деп қара алтын өндірісінен бас тарта алмаймыз, тек «Таза көмір» технологиясына көшу керек. Құрылтайда Президент бұл міндеттің маңыздылығын айрықша атап өтті.   

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанның 33 млрд тоннаға жуықтайтын орасан зор көмір қоры бар. Қазіргідей қарқынмен өндіре берсек те, көмірдің қоры 300 жылға жетеді. Елімізде жыл сайын 110 млн тоннадан астам көмір өндіріледі. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде алдыңғы қатардағы мемлекеттердің қатарына кіреміз. Көмір – біздің стратегиялық активіміз. Оның қоршаған ортаға зиянын түгел жоятын заманауи технологияны қолданып, көмірді толық пайдалану керек. Көмірмен қуат өндіру ісіне ұлттық жоба мәртебесі берілуге тиіс. Үкіметке ұлттық жобаны әзірлеп, 20 наурызға дейін қабылдауды тапсырамын.  

20 қаңтарда Президент Құрылтай мінберінен міндет қойды, ертесінде Үкімет жоба әзірлеуге кірісіп кетті.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- Атап айтқанда, бұл жоспарға шамамен 7,6 ГВт көмір генерациялау жобалары енгізілетін болады. Жалпы қуаты 960 МВт болатын Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы 3 ЖЭО жобаларын аяқтау мерзімдері өзгермейді.

Бекберген Керей, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының атқарушы хатшысы, эколог:

- Парламент қабырғасында қаралып жатқан экологиялық заңнамаға сәйкес, осы қағидаттар енгізілетін болады. Бұл бірінші кезекте экологиялық жауапкершілік және осы саладағы цифровизация. Бұл енді болашақта мынау зиянды қалдықтарды азайтуға, технологиялар ендіруге мүмкіндік береді деп сенім білдіреміз.

Таза көмір технологиясы сүзгі қондырғыларын орнатумен шектелмейді. Бекберген Керей атап өткендей, отынның күлін қайта өңдеп, кәдеге жарататын көмір химиясы көптеген озық мемлекеттерде жолға қойылған. Демек алдағы уақытта бұл өз алдына бір үлкен сала ретінде елімізде пайда болуы бек мүмкін.

Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков Хабар