Шопандар мен бақташылар зейнетке ерте шығуы мүмкін

  • 347
  • 29.01.2026, 21:32

Енді шопандар мен бақташылар зейнетке ерте шығуы мүмкін. Малшылар 55 жасқа толғаннан кейін арнайы әлеуметтік төлемдер алу тетігі қарастырылуда. Бұл бастама 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында ұсынылып отыр. Жуырда Үкімет жоспар жобасын мақұлдады.  

Өмірбек Қасымов алпыстың асқарына таяп қалған. Биыл мал шаруашылығымен айналысқанына 26 жыл толады. Ата кәсіпті серік еткен шаруа үшін ең қиыны тынымсыз еңбек. Қыстың бораны мен жаздың аптап ыстығында демалыссыз жұмыс істеу жыл өткен сайын ауырлап барады.

Өмірбек Қасымов, Сауран ауданы, Жаңа Иқан елді мекенінің тұрғыны:

-Малдың басы бұйырғаны дейді, бар бұйырғаны 600 бастай, сәл асады. Құдай қаласа, бұларды төлдетеміз көктемде. Оны қырқамыз. Бұл жалпы айтқанда мал шаруашылығының еңбегі өте қиын, ауыр. Себебі жыл он екі ай демалыс жоқ, суббота, воскресенье жоқ. Расын айту керек, өте ауыр жұмыс.  

Өмірбек Қасымовтың бес баласы бар. Бірақ олардың ешқайсысы әке жолын жалғауға ниетті емес. Себебі салада әлеуметтік қолдау аз, ал еңбек жағдайы қиын.

Бұл пікірмен кәсіпкер Мәди Есқараев та келіседі. Оның айтуынша, ірі шаруашылықтарға малшы табу бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналған. Себебі жастар салаға ат басын бұрмайды.

Мәди Есқараев, кәсіпкер:

-Шетелдегілер табысты. Экспорттары өте көп. Неге? Өйткені бизнесті олар студент кезінен түсінген. Қалай жобалау керек? «Қай жерден жер алу керек? Жер құнарлығы қалай болу керек? Қай малдың асыл тұқымымен айналысу керек?» деген сияқты көптеген сұрақтар бар. Сол сұрақтардың барлығына даярлайды. Сосын ол жерде нақты маман шығады. Осылай бізде тәрбиелейтін мамандықтарды жасаса деп ойлаймын. 

Сала тартымдылығын арттыру үшін кешенді жоспар жобасында малшыларға бірқатар қолдау тетіктері қарастырылған. Шаруашылықтарды дамытуға жылдық 6 пайыздық жеңілдетілген несие, ал мал азығы мен техника алуға 5 пайыздық қаржыландыру ұсынылып отыр. Сонымен қатар шопандар мен бақташылардың 55 жастан кейін арнайы әлеуметтік төлемдер алу мүмкіндігі де қарастырылуда. Ал олардың балаларын әскерге шақыру мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін. ,

Олжас Тлебалдин ҚР АШМ Қаржылық қолдау департаменті директорының орынбасары:

-  Олардың зейнет жасын төмендету бойынша, ұл-қыздарына грант беру деген сияқты ұсыныстар келіп түскен болатын. Қазіргі таңда жұмыс тобымен сол ұсыныстар қарастырылып отыр. Қарастырылып, пысықталатын болады.

Үкімет жуырда жобаны мақұлдады. Әзірге мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары мүдделі мемлекеттік органдармен келісу кезеңінде. Тиісті қаулы шыққаннан кейін ғана қабылданады.

Малшылар Үкімет ұсынған әлеуметтік қолдау оң нәтиже береді деген сенімде. Өйткені бұл ата кәсіптің болашағы үшін маңызды қадам.

Дана Әлиева, Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш