Қазақстан аумағында ОРЕС Халықаралық даму қоры толық заңды тұлға ретінде танылып, тікелей салықтардан босатылады. Қор жеке сектор жобаларын Үкіметпен келісіп жүзеге асырады. Ал бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын мемлекет қатаң бақылайды. Тиісті заң Сенат отырысында ратификацияланды. Бұл шешім инвестиция мен технология тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және елдің инвестициялық ахуалы мен халықаралық беделін арттыруға жол ашады. Сонымен қатар елде қару ұстауға талап қатаяды. Сенат қауіпсіздікке қатысты заңды да мақұлдады. Енді қару ұстайтын заңды тұлғалар қызметін тоқтатса, қару-жарақты 10 жұмыс күні ішінде ішкі істер органдарына тапсыруы тиіс. Ал жеке күзет ұйымдары жұмысын тоқтатқан немесе қайта бастаған жағдайда, сондай-ақ тіркелген мекенжайынан тыс қызмет көрсетсе, бұл туралы 5 күн ішінде уәкілетті органға хабарлауға міндетті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Аталған заң күзет саласын жетілдіруді, қару иелеріне қойылатын талаптарды күшейтуді көздейтін нормаларды қамтиды. Заңда әскери қызметшілердің құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне, тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тәртібін жетілдіруге арналған түзетулер де бар.