Жемқорлардан ел бюджетіне 16 млрд теңге қайтарылды

  • 394
  • 30.01.2026, 21:39

Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында сыбайлас жемқорлықпен барлық деңгейде күресу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қалатынын атап өтті. Былтыр сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша ел бюджетіне 16 млрд-тан астам теңге қайтарылды. Құны 3,3 млрд теңге болатын мүлікке тыйым салынды.

8 мың 650 теңгеден асатын сыйлық қабылдау немесе беру сіздің мансабыңызға қауіп төндіруі мүмкін. Себебі құны 2 АЕК-тен асатын кез келген зат қызметтен бірден босатуға әкеп соғады. Заң бойынша жауапкершілік пара алушыға, берушіге және делдалға бірдей қолданылады

Салтанат Әшірбай, саясаттанушы:

- Бақылау бізде құқық қорғау органдарынан болуы керек. Сыбайлас жемқорлыққа қызметкерді жұмысқа алған кезде олардың туыстық байланысын тексеру керек. Бізде сыбайлас жемқорлық қалай орын алады? Олар өздерінің туыстарының аттарына жазады. Екінші, үшінші, төртінші тұлғалардың атына жазу арқылы. Осындай миллиардтаған жағдай Түркістан облысында тіркеледі. Білім саласына қатысты қаржыландыру болсын. Мемлекет пен бизнес арасында. Бизнесмендер мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасағанымен оның көлеңкелі тұстары бар. 

Былтыр сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған 61 адамға 24 млн 200 мың теңге сыйақы берілді. Ал жемқорлық жасағандарға заңсыз алынған қаржы көлемінен 30-дан 80 есе артық айыппұл салынады. Ауыр қылмыстар жасағандар 5-тен 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал сотталғандар мемлекеттік қызметтен өмір бойына шеттетіледі. Былтыр Ұлттық қауіпсіздік комитеті 895 адамның заңсыз әрекетін тоқтатып, мыңнан астам іс қозғады. Оның 860-ы сотқа жолданды. 

Кембридж университетінің түлегі Нұрмұхаммед Досыбаев елдегі білім саласында жемқорлық оқиғаларының көбейіп кеткенін айтады. 

Сарапшылардың айтуынша, жемқорлыққа тәуекел тудыратын факторлар білім саласында аз емес. Еліміздегі 12 мыңнан астам білім беру ұйымында мұғалімдер сағаттық жүйемен жұмыс істейді. Оқу жүктемесін бөлу мекеме басшысының құзырында. 

Нұрмұхаммед Досыбаев, білім саласы бойынша сарапшы:

- Бұл сыбайлас жемқорлыққа тәуекел тудыратын фактор. Сондықтан бұл мәселені тәуелсіз бақылау тетіктері арқылы шешу қажет. Мысалы, Финляндия мен Ұлыбританияда мектеп директорларын сол мектеп жанынан құрылған жергілікті кеңестер тағайындайды.

Президенттің айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өз міндетін тиімді орындады. Алайда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің араласуы мемлекеттік маңызды кейбір жұмыстарға кедергі келтірген. Қазіргі кезде жемқорлықпен күрес Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құзыретінде. Сондай-ақ Мемлекет басшысы балаларға адалдық пен жемқорлықтан аулақ болуды кішкентайынан үйрету қажет екенін атап өтті. Мұнда мектептер, қоғамдық ұйымдар, белсенділер және әсіресе ата-аналар маңызды рөл атқарады.

Диана Қадыр, Әлібек Алиев, Азамат Саметов