Алматыда Dream City Tech тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылды

  • 508
  • 30.01.2026, 21:43

Алматы әкімдігі Dream City Tech тұрғын үй кешенін тексеру барысында ереженің бұзылғанын анықтады. Нысан BI Group құрылыс компаниясына тиесілі. Әкімдік шешімімен кешеннің қасбет қаптау жұмыстары кейінге шегерілді. Талап бойынша қаланың сәулеттік келбеті бірыңғай тұжырымдамаға сай болуы тиіс, мұнда ол талаптар ескерілмеген.

Dream City бір емес, бірнеше тұрғын үй кешенінен тұрады. Талапқа сай келмейтіні осы - Dream City Tech. Онда нысанның қасбетін қаптау жұмыстары жүргізіліп жатқан. Бірақ сәулеттік келбеті әкімдік бекіткен «Шығыс қақпасы» полиорталығындағы бірыңғай тұжырымдамаға сай келмейді. Құрылыс BI Group компаниясына тиесілі. Заң мен тәртіп бәрімізге ортақ. Сондықтан бәріне бірдей шара қолданылады.

Көкен Жарқынбек, қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- Қаламыздың шығыс бөлігін дамыту бойынша біркелкі дизайн-код қалыптастырылған. Сол дизайн-кодқа сәйкес, бұл тұрғын үй кешендердің қасбет жұмыстары қаламен келісіп жасалады. Ол жақта қасбет жұмыстарын толықтай тоқтаттық. Бірақ құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.

BI Group айтылған кемшілікті түзетуге дайын екенін мәлімдеді. «Көп ұзатпай мәселе шешімін табады. Бұл тұрғын үйлерді тапсыру кестесіне ешқандай әсер етпейді. «Шығыс қақпасы» полиорталығының сәулеттік келбетіне қатысты бірыңғай тұжырымдама талабын ескереміз», - дейді.

Антон Бербелюк, BI GROUP компаниясы «Шығыс» басқармасының директоры:

- Бізге тексерістен соң тұрғын үй кешенінің қасбеттерін талапқа сәйкестендіру жөнінде тапсырма берілді. Айта кетейін, бұл үйлердің жобалау жұмыстары 2024–2025 жылдары, яғни осы ауданның даму тұжырымдамасы қабылданғанға дейін жасалған. Қазір  әкімдікпен бірге сол жобаны жаңа тұжырымдамаға сәйкестендіру бойынша тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Ары кеткенде бір айдың ішінде барлық мәселені ретке келтіреміз.

BI Group «Қайрат» шағынауданының маңында Dream City Есо деп аталатын тағы бір кешенді салып жатыр. «Қайраттың» тұрғындары базыналарын айтты. Құрылысшылар электр кабелін үзіп, су құбырын бүлдірген кездері болған.

Ермахамбет Есболғанов, қала тұрғыны:

- Бұрынғы салынған коммунакациялардың атқарушы схемасын қарамай ма, технологияны дұрыс байқамай ма, кабельді, суларды үзеді.

Мәдина Әбубәкірова, қала тұрғыны:

- Жерді қазатын кезде кабельдің қайда көмілгенін алдын ала зерттеп, біліп алу керек емес пе? Ал біз соның зардабын көріп отырмыз. Жарық болмаса, коммуникация түгелдей тоқтайды. Үй бірден суып кетеді.

Құрылыс компаниясы мұндай апатты жағдайдың болғанын жоққа шығармайды. «Топографиялық түсірілім деректерімен сәйкес келмеді», - деп ақталып отыр. Яғни 10–15 метрге дейін айырмашылық бар. «Кейіннен мұндай жағдай қайталанбауы үшін кабельдің нақты орналасуын анықтау бойынша қосымша жұмыстар жүргіздік», - дейді компания өкілдері.

Алматылықтар бұл BI Group-тың жіберген алғашқы қателігі емес екенін айтады. Былтыр күзде комфорт санатына жататын Arena Park кешенінде су құбыры жарылып, жертөлесі суға толып кеткен еді. Пәтер иелері сервистік компанияға жертөледегі сыз бен жағымсыз иіс туралы бірнеше рет хабарлаған. Бірақ қызметкерлері құлақ аспапты. Осылайша тұрғындар әбігерге түскен еді. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев