Көлік иелері халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің Қызылорда – Ақтөбе аралығындағы бөлігін кеңейтуді сұрап отыр. Екі жолақты тасжол көлік ағыны жүктемесін көтере алмай қалды. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында бұл бағытта ауқымды жаңғырту жұмыстары жоспарланғанын мәлімдеді. Жол бірінші техникалық санатқа ауыстырылып, толық реконструкциядан өтеді.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Күн сайын осы жолмен мыңдаған мынадай техника ары-бері ағылады. Жолдың сапасында мін жоқ, тақтайдай тегіс. Бірақ ені тар. Алдыңдағы жүк көліктерін басып озу өте қиын. Мұндағы жүргізушілердің басты мәселесі осы — қарсы келе жатқан көлікпен соқтығыспай, аман-есен өту.
«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізімен күніне 10 мыңнан астам көлік жүреді. Жолаушы мен жүк тасымалы да еселеп артқан.
Блиц-сауалнама:
- Қанша жол-көлік оқиғасы болып жатыр ғой негізі осы екі жолақтың кесірінен. Ал мына жақта енді проблема жоқ, төрт жолақ.
- Жеңіл көліктерге қиындау. Тізбектеліп келе жатқан бірнеше жүк көлігінен озу үшін жылдамдықты қосу керек болады. Үлгеруге тырысамыз. Бұл қауіпті.
- Фуралар колонна болып жүреді, екі жолақтың артынан еріп жүреміз барғанша, қашан фура тоқтағанша. Сол жағы қиынырақ, ортада қоршау жоқ. Авариялар көп болады ғой, бір-біріне қарама-қарсы келіп соққандары да... Жолды кеңейту керек, барынша сақтықпен айдау керек.
Былтыр Қызылорда мен Ақтөбенің арасындағы жолда 70 жол апаты тіркелді. 31 адам көз жұмып, 130-ы жарақат алды.
Нұркен Бақтияров, ПД басқарма бастығының орынбасары:
- Жол-көлік оқиғаларына тікелей септігін тигізетін өрескел құқықбұзушылықтар, яғни жолдың жүру бөлігінің қарсы бағытына шығу деректерін анықтау мақсатында, алдын алу мақсатында, ұшқышсыз аппараттар — дрондарды пайдалана отырып, құқықбұзушылық деректері анықталуда. Сонымен қатар патрульдік полиция роталары әрбір көлік құралдарының жүргізушілерін тоқтатып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, брошюралар мен жадынамалар таратып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, ескерту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп жатыр.
Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қызылордада өткен бесінші Ұлттық құрылтайда арнайы тоқталған. Мамандар: «Маңызды құрылыс биыл басталады», - деп отыр.
Жәнібек Сыздықов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда енді жаңағы техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, Қызылорда қаласынан айналма өтеді дедік қой, одан бөлек мына Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарының сырт жағынан 170 шақырымға жуығы солтүстік-батыс жағымен айналып өтеді. Төрт жолақты болады, бірінші «б» категориясына сәйкес. Жол бойында жаңағы демалыс алаңдары, көпірлер, өткелдер — барлығы толығымен қаралды. Жалпы құны 880 миллиардтың жобасына келіп тұр, 514 шақырымды құрайды.
Күрежолды кеңейту жобасын үш жыл ішінде толық аяқтау жоспарланған.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев