Маңғыстау облысында 3 мыңға жуық адам волонтёрлікпен айналысады

  • 509
  • 30.01.2026, 21:49

Олардың ең жасы 14-те болса, егде жастағысы 64-те. Кейбір еріктілер қоғамдық ұйым құрып, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға бірнеше жыл қатарынан қол ұшын созып келеді. Мәселен, Ақтау тұрғыны Иман Досмұханбетов 70-тен астам жалғызбасты және мүгедектігі бар зейнеткерді өз қамқорлығына алған. 

Иман Досмұханбетовтың есімі маңғыстаулықтарға жақсы таныс. Ақтау тұрғыны 2010 жылы қоғамдық қор құрды. Содан бері бүгінге дейін 10 мыңдай адамға көмек көрсетіпті. Волонтер Иманның бірнеше әлеуметтік дүкені бар. Оларға жомарт жүрек тұрғындар киім-кешек, азық-түлік апарып тапсырады. Жиналған заттар мен ас-сусынды еріктілер әлеуметтік осал топтағы отбасыларға жеткізіп береді.

Мағрипа Елбаева, волонтёр:

- Осы қайырымдылық қорға келіп, жұмыс жасап жүргеніме 4 жыл болады. Іште ата-әжелерге ыстық тамақ дайындаймы. Біз телефон арқылы хабарласа отырып, мұқтаж кісілердің неге мұқтаждығын біліп, адрестеріне жеткізіп беруге тырысамыз. Тамақ келсе, тамақтай, киім, ыдыс-аяқты таратып отырамыз.

Волонтерлер әр апта сайын сенбі күні жалғызбасты қарияларға ыстық тамақ апарады. Пәтерін жинап, жиналған қоқысты шығарады. Иман кәсіби массажист. Ол мүгедектігі бар бала бағып отырған жанұяларға тегін қызмет көрсетеді. Ата-анаға емдік массаж жасаудың қыр-сырын үйретіп жүр. 

Иман Досмұханбетов, қоғамдық қор жетекшісі:

- Волонтерлік қызметті жалғыз өзім атқармаймын. Менімен бірге 20-дан астам адам сауапты іске жұмылды. 18 бен 45 жас аралығында азаматтар әр салада жұмыс істейді. Бастапқыда 20 жалғызбасты зейнеткерді қамқорлығымызға алсақ, қазір олардың саны 70-тен асты.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Елордада өткен форумда Мемлекет басшысы еріктілер қозғалысына ерекше мән беретінін айтты. Волонтерлікпен айналысу қазақ халқының бойында бар асыл қасиет екенін тағы бір мәрте еске салды. Қазір елімізде 1 ұлттық және 20 аймақтық фронт-кеңсе жұмыс істейді. Еріктілердің саны 300 мыңға жетті. Бір ғана Маңғыстау облысында 3 мыңдай адам волонтерлік қызметпен айналысады.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев