Павлодар облысы – электр энергетикасын өндіру мен дамытудың флагманы. 2025 жылы өңір елдегі жалпы көрсеткіштің 42%-ын өндірді.
Павлодар облысына жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы Олжас Бектенов Екібастұздағы бірқатар энергетикалық нысанды аралады. Екібастұздағы МАЭС-1, МАЭС-2 және «Богатырь Көмір» кенішінің жұмысымен танысып, кәсіпорындарды одан әрі дамыту перспективаларымен танысты.
Еліміздің энергетика саласы кең ауқымды жаңғыртудан өтеді. Мәселен, Екібастұздың МАЭС-2 станциясында 3-ші энергоблоктың құрылысы басталды. Бұл энергия тапшылығын жойып, ел экономикасының дамуына тың серпін беретін маңызды жоба.
Өмірхан Салманов, «Екібастұз -МАЭС-2» АҚ техникалық кеңесшісі:
- 2026 жылға 6000 млрд кВт сағат жоспарланып отыр. Мына станциямыздың болашағы – ол біздің кеңейтілумен 3-ші, 4-ші блоктың қондырғыларды орнатуға байланысты. Бір жағынан әр МВт өседі, әр блокта 50 МВт, әр қондырғының қуаты 550 МВт. 1100 МВт-қа өседі, экологиялық қауіпсіздігі артады, сол мақсатта бүкіл станция жұмыс істеп жатыр.
Премьер-министрге Екібастұз МАЭС-1-де жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары таныстырылды. Жоба аясында отынмен қамтамасыз ету жүйесін қайта құру, жаңа түтін құбырын салу және ескісін бөлшектеу жоспарланған. Бұл өңірдің энергиямен қамтылу сенімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар генерациялық және желілік инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде Ақсу МАЭС-тегі №7 энергоблокты реконструкциялау, энергия көздерін жаңғырту, жаңа технологиялар мен баламалы энергия жобаларын іске асыру мәселелері қарастырылды.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Жалпы алғанда, көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларын салу және жаңғырту 7,6 ГВт жалпы қуатты қамтиды. Оның ішінде жаңа құрылыс көлемі 4,8 ГВт болса, 2,7 ГВт қуаттағы стансалар жаңғыртудан өтеді.
Павлодар облысының энергетикалық инфрақұрылымын дамыту бойынша облыс әкімі Асайын Байханов баяндады. Қазіргі таңда өңірде осы бағытта 8 ірі жоба іске асырылуда. Павлодар облысының еліміздің энергетика саласындағы үлесі – 42%.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:
- Барлық бұл жобаларды қолға алып, іске асырғаннан кейін қазіргі 8,5 мың МВт қуаттылығы Павлодар өңірінің жалпы энергияның өндірісі 14 мың МВт-қа жетеді. Бұл мемлекеттің жалпы көлемінен 50 пайызды құрайды. Ол жалпы 65 пайыз өсімді көрсетеді бүгінгі 8,5 мың мегаваттан.
Үкімет басшысы «Богатырь Көмір» кенішіне де барды. Кешеннің жылдық өндіріс қуаты 42 млн тоннадан асады, тәулігіне 145 мың тонна көмір жөнелтіледі. Тұтынушылардың 77 пайызы – электр стансалары. Өнімділікті арттыру мақсатында кәсіпорын жасанды интеллектті енгізіп, цифрландыруға кезең-кезеңімен көшуде.
Асылбек Нұрғалиев, «Богатырь Көмір» ЖШС басқарма директоры:
- Көмірдің жиынтық баланстық қоры 2 млрд 377 млн тоннаны құрайды. Кәсіпорынымыздың өндірістік инфрақұрылымына 8 роторлы экскаватор, 48 шөміш гидравликалық экскаваторлар, 68 ауыр жүк автокөліктері және 12 конвейерлік желілер мен қайта тиегіштер кіреді. Қосымша серіктестігімізде цифрландыру және автоматтандыру бойынша жаңа технологиялар енгізілуде.
Екібастұзға жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар негізгі міндетті айқындады. Олжас Бектенов электр станцияларындағы жаңғырту жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолау білдіруді тапсырды.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков