Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент бастамасымен қолға алынған ауқымды өзгерістер елді дамытудың жаңа кезеңіне өту үшін жасалған қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл қоғамның саяси жүйені жаңартуға қатысты сұранысына берілген жауап. Қазірдің өзінде Конституцияның 80-ге жуық нормасына өзгерістер енетіні белгілі болды.
Мәулен Әшімбаев реформаның маңызды бағыты еліміздің жоғарғы заң шығарушы органының өкілеттіктерін кеңейтіп, рөлін күшейтуді көздейтінін айтты. Реформа аясында мемлекет пен қоғам арасындағы келісім және диалог институты ретінде Халық кеңесін құру ұсынылғанына ерекше назар аударды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың жуырда өткен отырысында ауқымды конституциялық реформалар туралы айтты. Мемлекет басшысы Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталатынын жеткізді. Саяси реформалар саяси жүйемізге тек түзетулер мен толықтырулар енгізу деген сөз емес. Бұл шын мәнінде, мемлекеттілігіміздің мән-мазмұнын өзектендіру арқылы түбегейлі жаңғыруға қадам басу екені анық. Осы өзгерістердің нәтижесінде «Әділетті Қазақстанның» жаңа конституциялық моделі қалыптасып жатыр деп айтсақ та артық болмайды. Сондықтан осындай маңызды сәтте бірлігімізді бекемдеп, ұлттық мүддені көздейтін өзгерістерді жұмыла жүзеге асыруды ортақ міндет деп білеміз.