Конституциялық реформа: «Миранда» қағидасы Қазақстанда қолданылуы мүмкін

  • 531
  • 30.01.2026, 21:48

Конституциялық реформа – тек қағаздағы өзгеріс емес, азаматтардың өміріне тікелей әсер ететін нақты қадам. Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев осылай дейді. Оның сөзінше, жаңа редакцияда қолдау тапқан бастамалардың бірі – «Миранда» қағидасын енгізу. Жаһан жұрты қолданып жүрген озық тәжірибелердің бірі енді Қазақстанда да қолданылуы мүмкін. 

Мәди Мырзағараев, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:

- Оны енді өздеріңіз шетелдік фильмдерден көріп жүрген боларсыз, ұсталған сәтте адамға үнсіз қалуға, адвокатттың көмегіне жүгінуге, сіздің әрбір сөзіңіз сотта өзіңізге қарсы пайдаланылуы мүмкін сияқты деген түсініктер беріледі де. Бұның өзі адамға ұсталған сәтте абдырап, абыржып қалған сәтте бірден сен құрыдың, сен сотталасың дегенді емес, керсінше, сенің адвокат жалдауға, адвокат шақыруға құқығың бар, егер адвокат алуға мүмкіндігіңіз болмаса, мемлекет тарапынан шақыруға мүмкіндігіңіз бар, үнсіздік сақтауға құқықығыңыз бар деген сияқты құқықтарын түсіндіру адамның ең алғашқы сәттегі бір кепілдіктері. 

Сондай-ақ жаңа Конституцияда адвокаттар мен прокурорлардың мәртебесі тең деп танылуы мүмкін. Сондықтан қорғаушылар институты деген жаңа түсінікті ресми түрде енгізу мүмкіндігі қарастырылып отыр. «Бұл қадам болашақта құқықтық жүйеде теңдікті күшейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғауды нығайтуға ықпал етеді», - дейді қорғаушы Айман Омарова.

Айман Омарова, қорғаушы:

- Біз үшін бұл өте маңызды. Сот барысында теңбе-теңдік, адамның құқығы, солардың бәрін жүзеге асырып жүрген соттар бар. Бірақ мысалы, сотта біз тең емеспіз. Сонымен біздің ойымыз мынандай, егер ол Конституцияда жазылатын болса, мүмкін кейін ол бекітіліп, заңнамамызда өзгерістер бола ма дегеніміз ғой.