СҚО-дағы 112 елді мекен бақылауға алынды

  • 276
  • 02.02.2026, 21:41

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқынға байланысты алғашқы гидрологиялық болжам жасалды. Синоптиктер Есіл өзенінің бойындағы 4 аудан мен Петропавл қаласын «қауіпті аймақтар» қатарына енгізді. Ал төтенше жағдайлар қызметі 112 ауылды бақылауға алып отыр.    

Мамандар осылай қардың қалыңдығын әр 10 метр, ал тығыздығын әр 100 метр сайын өлшейді. Олардың есебінше, қазір қардың мөлшері аз. Бірақ жердің қатуы көңіл көншітпей тұр. 

Синоптиктердің айтуынша, қазір жер бір метр 43 сантиметрге қатып қалған. Бұл көрсеткіш Тайынша ауданында тіркелді. «Ал қардың қалыңдығы қалыпты», - дейді мамандар.

Солтүстік Қазақстан облысында 27 гидрологиялық бекет жұмыс істейді. Синоптиктер мен құтқарушылар 33 бағыт бойынша қар өлшеу жұмыстарын жүргізеді. Алдын ала болжам бойынша қауіпті аймақтар да анықталды.  

Дәурен Қосшығұлов, «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:

-Биыл көктемгі тасқын қаупі Ғабит Мүсірепов, Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласында өте жоғары. Болжам бойынша, Сергеев су қоймасы 2 млн текше метрге дейін су қабылдауы мүмкін.

Қазір төтенше жағдайлар қызметі су басуы мүмкін деген 112 елді мекенді бақылауға алып отыр. Облыс бойынша қауіпті аймақта тұратын 7 мыңға жуық адам есепке алынды. 

Жанат Мұхамедқалиев, облыстық ТЖД басқармасының бас маманы:

-Қазір облыс бойынша төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы биліктің дайындығы тексерілді. Өңірде наурыз айының үшінші онкүндігінде көктемгі тасқынға қарсы шұғыл әрекет ету штабы құрылады.

Синоптиктердің айтуынша, ақпан айында қар шамадан тыс көп жауады. Ал негізгі гидрологиялық болжам наурыздың бірінде белгілі болады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков