Ақтөбеде қой жүнінен құрылыс өнімі шығарыла бастады

  • 409
  • 03.02.2026, 21:50

Ақтөбеде қой жүнінен құрылысқа қажетті табиғи өнім шығарыла бастады. Инвестициялық жоба мал шаруашылығындағы қордаланған мәселені шешіп қана қоймай, өңірдің экологиясын оңалтуға да оң әсер етеді.

Батырбек Шәуленнің қожалығында 400-ге жуық Еділбай тұқымды қой бар. Кәсіпкер: «Табысы оның көл-көсір», - деп Шопан ата түлігін көбейтуге ниетті. «Қой жүнін өңдеу зауытының ашылғаны да тиімді болды», - дейді. Себебі бұған дейін қырықтық науқаны шаруалар үшін қомақты шығын еді.

Батырбек Шәулен, шаруа қожалығының басшысы:

- Бірінші көктемде қырқамыз. Одан кейін жабағы жүні бар, одан кейін күзем жүні бар. Екі қырыққанның өзінде соның барлығын біздер бұрын өртедік, далаға тастадық. Қазіргі кезде де әлі бір алып кететіндей қолданып жатқан жоқпыз. Егер де алып, еңбегіңді ақтайтындай болып жатса, біздер үшін кішкене көмек.

Инвестициялық жобаның құны – 5 млрд 300 млн теңге. Батыс Еуропа елінен заманауи өндеу жабдықтары жеткізіліп, 30 адам жұмысқа орналасты. Зауыт жылына 3,5 мың тонна шикізат қабылдайды. Кез келген қой жүні кәдеге жарайды. Жеңіл өнеркәсіпте пайдаланылмайтын ең төменгі сұрыптысының өзі арнайы аппараттармен өңделіп, түрлі ғимарат құрылысында жылуды оқшаулағыш материал ретінде қолданылады. Қазір табиғи өнімнің алғашқы легі дайын болған. Өндіріс орны көктемгі қырықтық науқанына қызу дайындалып жатыр.

Ерлан Жаңабергенов, зауыт директоры:

- Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігімен шикізат қабылдау орындарын ашу мәселесін талқылап жатырмыз. Еліміздің барлық өңірін қамтитын желі болғанын қалаймыз. Яғни жеке кәсіпкер немесе шаруа қожалықтары тірек пункттеріне айналып, жақын маңдағы шаруалардан қой жүнін қабылдайтын болады.

Табиғи таза өнімге қызығушылық жоғары. Қазір еліміздегі ірі құрылыс компанияларынан бөлек, Ресей мен Венгриядан да сұраныс түскен. Жылына 2,5 мың тонна құрылыс материалдарын өндіретін зауыт шаруалардың сан жылдар бойы қордаланған мәселесін шешіп қана қоймай, өңірдің экономикасын әртараптандыруға үлес қосады.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов