Қарағанды облысының Тәттімбет ауылында тұратын Бибігүл Ықсан асауды ауыздықтаған ару атанып кеткен. 16 жастағы мектеп оқушысы ауыл балаларымен бірге жабағы мініп, тіпті асау арғымақты да мініске үйретеді. Шабандоз қыз екі жылдан бері садақ атумен айналысады. Аудандық, облыстық, жарыстардың жүлдегері. Келешекте олимпиадалық спорт түрін жетік меңгергісі келеді.
Бибігүл ұялы телефонға телміргенше, атқа мініп, табиғат аясында бой сергітіп келгенді ұнатады. Арғымағымен күнде төңіректі шарлайды. Қажет кезде мал бағып, әкесіне қолғабыс етеді. «Ат үстінде өзімді қырандай қалықтап келе жатқандай сезінемін», - дейді шабандоз ару.
Бибігүл Ықсан, шабандоз:
- Аттан қанша құласам да бет қайтпайды. «Ат – адамның қанаты» болғаннан кейін бәрібір жүрек тартып тұрады. Қазақ халқының бұрыннан келе жатқан салты, дәстүрі ғой, қанымызда бар.
«Қызым кішкене күнінен өжет болды», - дейді әкесі Айтқали Кәрімов. Бибігүл ұл балалармен бірге ойнап, жабағы үйретіп өсіпті. Оның жылқыға жақын болу қасиеті атасынан дарыған.
Айтқали Кәрімов, Бибігүлдің әкесі:
- Өзі солай әуестенді, сосын үйреттім. Атқа құмар болды. Қанда бар, үлкен әкем 77 жасына дейін атқа мінген. Сол қарапайым қойшының баласымыз ғой.
Шабандоз қыз екі жылдан бері садақ атумен айналысып жүр. Аудандық, облыстық жарыстардың жүлдегері, Үнемі жаттығуын үзбейді.
- Садақ ол жай ғана атып қана қоймай, ол бір мақсат деп ойлаймын. Көздеген мақсатыңа жету, әр нәрсенің өз мақсаты болады. Енді мақсатым – ат үстінде жамбы ату, садақ атумен айналысқым келеді.
Бибігүл қазір 11 сыныпта оқиды. Ол сыныптағы алты ұлдың ортасындағы жалғыз қыз. Оқуда озат, спортқа жақын. Ұстаздары оның табандылығын жоғары бағалайды.
Бағдат Аманжолқызы, сынып жетекшісі:
- Біртоға, салмақты, көп сөйлемейтін, ер балалардың ортасында өскендіктен бе, әлде қаннан сіңген қасиет пе, өрмінезді. Өте тәрбиелі қыз, таңдап отырған болашақ мамандығы – алғашқы әскери дайындық мұғалімі. Енді қарап отырсаңыз, ер балаға тән мінезді мамандық таңдауынан да байқауға болады.
Шабандоз қыз алдағы уақытта ат аүстінде түрлі трюктар жасауды үйренбекші. Келешекте олимпиадалық садақ ату спортын меңгергісі келеді.
Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит