eOtinish-ке Конституция реформасына байланысты 4 мыңнан аса ұсыныс түскен

  • 332
  • 03.02.2026, 21:38

Ата Заң жобасына қатысты халықтан түскен хат саны төрт мыңнан асты. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында айтылды. Басты құқықтық құжат жобасының мәтіні жарияланғалы бері қазақстандықтар ұсыныс-тілектерін eOtinish арқылы жолдап жатыр. Мамандардың айтуынша, азаматтардың едәуір бөлігі Конституция жобасын мемлекеттің дамуына бағыт-бағдар беретін мәтін ретінде қабылдаған.

Жетінші отырыста алғашқылардың бірі болып сөз алған стратегиялық зерттеулер институтының басшысы Жандос Шаймарданов. Оның айтуынша, Конституция жобасы жарияланғаннан кейін пікір білдірген халықтың белсенділігі артқан. Жалпы реформаға қатысты өтініші және ұсыныстарын жібергендер саны қазір 4 мыңнан асыпты. Ол: «Қазақстандықтар жүргізіліп жатқан реформаны конструктивті әрі оң қабылдап отыр», - дейді.

Жандос Шаймарданов, ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

- Ұсыныстар тек азаматтардан ғана емес, сарапшылардан да келіп жатыр. Сонымен қатар адвокаттар тарапынан да келіп жатқан ұсыныстар аз емес. Азматтардың көтеріп отырған ұсыныстары мен бастамаларын 3 негізгі бағытқа бөліп қарастыруға болады. Жалпы қазақстандықтар жүргізіп жатқан реформаның конструктивті әрі оң тұрғыда қабылдап отырғанын  көрсетеді.

Ата Заңның преамбуласында мемлекеттік шекара мен аумақтық тұтастық туралы анық жазылған. Ол ешқашан өзгермейді. Әлеуметтік желілерде дәл осы тақырыпқа қатысты бұрмаланған ақпарат тарап жатыр. Сол үшін Мемлекеттік кеңесші бұған арнайы тоқталды.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

 - 2-баптың 6-тармағында «Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы өзгермейді», - деп нақты көрсетілген. Бұл Қазақстанның аумақтық тұтастығы мәселе ретінде талқыланбайды деген сөз. Тіпті референдумға да болашақта мұндай мәселелер шығарылмайды дегенді білдіреді. Мұны бүкіл ел азаматы білуі керек.

Ата Заңның жаңа нұсқасында мемлекеттік құрылыстың озық идеялары ескерілген. Сондай-ақ адамның барлық жеке құқықтарының қол сұғылмаушылығы тікелей бекітіліпті. Назар аударатын тағы бір жайт, жаңа жобада халықаралық шарттар қолданыстағы құқық ретінде сақталады. Алайда ең жоғары заңдық күш тек Конституцияға тиесілі болады. Комиссия мүшелері елдік мәселе эмоциямен емес, ақылмен, жан-жақты таразалынып, талданып барып қабылданып жатқандығын айтты.

Ердәулет Ыбырайұлы