Декреттегі әкелерді қорғайтын құжат қабылданды

  • 272
  • 04.02.2026, 21:35

Декреттегі әкелер. Енді ер азаматтардың да бала күтімімен отырған уақыты еңбек өтілі ретінде есепке алынады. Мәжіліс қызметкерлердің құқығын қорғайтын құжатты екінші оқылымда қабылдады. Сонымен қатар жұмыс берушінің бастамасымен жалғызбасты ата-аналарды жұмыстан шығаруға тыйым салынады. Бұл норма аналарға қоса әкелерге де қатысты. Аталмыш өзгеріс депутаттардың ұсынысы бойынша енгізіліпті. Сондай-ақ құжат мазмұны жазатайым оқиғалар кезінде төленетін жәрдемақылар мен өтемақыларды қоса алғанда, төлемдер туралы ережелермен толықтырылады. Ал денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін айқындау қағидаларын бекіту құзыретіне ие болады. 

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін айқындау бойынша құзіреттер енгізілді. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау маманының ұйымның бірінші басшысына тікелей бағынуы белгіленіп, қауіпсіздік үшін жауапкершілік тікелей басшыға тікелей жүктелді.

Жалған емшілерге тыйым бола ма?

Сондай-ақ мәжілісмендер дәстүрлі медицина деп қызмет көрсететін орталықтардың жұмысын майшаммен қарау қажет деген бастама көтерді. Бұл бойынша еліміздің бас дәрігері Ақмарал Әлназароваға депутаттық сауал жолдады. Айтуларынша, тиісті құзіреті мен білімі болмаса да «шығыс медицинасы», «қытай медицинасы», «мануалды терапия» атауымен ем жасаймыз деп өзін жарамалайтын алаяқтар қатары артқан. «Олардың кейбірі елімізде тіркелмеген күмәнді препараттарды қолдануға, сондай-ақ ауыр диагноздарды «емдеуге» уәде беріп, халықты жаңылыстыруда», - дейді. 

Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 4-5 ай бойы халықты емдеген болып сеніміне кіріп, кейін емдеу орталығын жауып, «аңқау елге арамза емші» дегендей, қалтасын қампайтып алып кетіп қалады. Мұндай жағдайлар пациенттердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіріп, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді әлсіретеді.